«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті

27 Ақпан 2023, 10:25
985
Бөлісу:
«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті
PHOTO
Фото: «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешені

Елордада ат спортының конкур түрінен «Арғымақ» ашық кубогы өтті. Аталмыш жарыс Астана қаласында 2022 жылы жаңадан ашылған «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің жүлдесі үшін ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының президенті Ерлан Каналимов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және Олимпиадалық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов қатысып,  шабандоздарға сәттілік тіледі. 

«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті

Қайырлы күн құрметті жарыс қатысушылары және Ұлттың қуаты – Ұлттық спорт деп ұрандатқан көрермен қауым! Астананың төрінде  «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде ат спортының конкур түрі бойынша спорттық жарысымызға қош келдіңіздер! 

Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спортты түрлерінің Федерациясының атынан сіздерге және Астана қаласының әкімдігіне ерекше алғысымды білдіремін. Өздеріңізді бүгінгі жарыста көргеніме қуаныштымын! Қазақстанның астанасы елордаға қош келдіңіздер! 

Өздеріңізге мәлім 2022 жылдың қазан айында халықаралық стандарттарға сай келетін «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешені ашылған болатын. Бүгін міне конкурдан ашық кубогы жаңадан ашылған «Арғымақ» ат – сауықтыру спорт кешенінде екінші мәрте ұйымдастырылуда. Бұл сынға еліміздің Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларынан 50-ге жуық шабандоз қатысуда. Олар биіктігі мен күрделілігі бойынша бес түрлі бағытта бақтарын сынайтын болады. 

Сонымен қатар бұл кешенде алдағы уақытта ерекше қажіттілігі бар балаларға арналған жаңа иппотерапия орталығы қолданысқа беріледі. Мұндағы басты мақсат – иппотерапия арқылы ерекше күтімді қажет ететін балалардың психофизиологиялық белсенділігін дамыту. Қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бойынша бірқатар үлкен ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Елордада 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Осы жаңадан ашылғалы жатқан иппотерапия орталығы бүлдіршіндердің шипасына көмектессе ата-аналарға үміт сыйласа, оң әсерін тигізсе, одан асқан қуаныш жоқ шығар деп ойлаймын. 

Ұлттық рухты көтеретін жарыстарымыз көбейе берсін. Бүгінгі жарыста ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін!- деді Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының президенті Ерлан Каналимов.

Еліміздің Қарағанды, Алматы, Шымкент және Астана қаларынан өңшең саңылақ, шашасына шаң тимес сылаңторылар жарыстың бес бағдары бойынша сынға түсті. 

«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті

Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші санатта яғни, балалар санатында Алматылық шабандоз Акшина Амина «Гордый» атымен бірінші орынды қанжығалады. Ал, жерлесіміз Жақып Жандос «Камелот» тұлпарымен күміс жүлдегер атанды. Бұл сында үздік үштікті Қарағанды қалсынан «Каприоль» тұлпарымен қатысқан Камилла Дуржубаева түйіндеді. 

Дөнендер жарысында 100 см-ге дейінгі кедергілерді «Кайло Рэн» сәйгүлігімен мүлтіксіз орындаған Максим Папихинге алтын жүлде бұйырды. Екінші, үшінші орындарды Карткожак Нурболат «Бүркіт» атымен және «Торнадо» атымен шыққан Котина Виктория еншіледі.

«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті

Биіктігі 120 см-ге дейін сында бесті аттар санатында «Сальвадор» сәйгүлігімен қатысқан Маликаджар Чингиз алтыннан алқа тақты. Рафия есімді тұлпарымен Мұрат Мансур күміс жүлдегер атанса, Нұрболат Карткожак «Рабат» есімді тұлпарымен қола медальға ие болды. 

Кедергілердің биіктігі 125 см-ге дейін болатын төртінші санатта (6 жастан жоғары) үздік үштікті «Спектр Сайгон» тұлпарымен Виктория Котина еншіледі. Күміс жүлде «Маригольд» сәйгүлігімен өнер көрсеткен Соколенко Олегке бұйырды. «Мушек» тұлпарымен Мунайтбасова Айнагүл үздік нәтижеге қол жеткізіп алтынды еншіледі. 

«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті

Кедергілердің биіктігі 130 см болатын бесінші санатта Маликаджар Чингиз есімді шабандоз өзінің екі атымен де қатар сынға түсіп алтын және қола жүлделерді қанжығалады. Бұл сында «Фандорин» тұлпарымен Азамат Хасенов екінші орын иеленді. 

Жүлде қоры он екі миллион теңгені құрайтын жарыс бес номинация бойынша анықталып, жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті

Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл спорттық шараның мақсаты салауатты өмір салтын берік ұстану. Сонымен қатар, Астана мен барлық өңірлерде ат спортын кеңінен насихаттау және дамыту арқылы келешегі зор шабандоздар мен жылқыларды анықтау. 

Айта кетейік іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің Федерациясының ұйымдастыруымен өтті. 

Өзгелердің жаңалығы