Бұл туралы депутат Ардақ Назаров Мәжілісте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат ауылдағы малшылардың жағдайын көтеріп, осыған қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.
Мен де ауылдың баласымын, төрт түлік малдың бәрін бақтым. Мал бағудың машақаты мен қиындығын жақсы білемін. Қазақта «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген сөз бар. Қала қазағы кәделеп асқан етімен, сыйлы қонағын күтеді. Алайда осы сый-құрметтің артында сонау ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері әрі мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа екенін сезіне бермейді, - дейді депутат.
Назаров атап өткендей, шаруа мен малшының жұмысы ауыр. Жаздың ми қайнатар ыстығы, көктем-күздің жаңбырлы түні мен бүйірден соққан желі, қаһарлы қыстың қырауына қарамастан малды аман сақтау оның міндеті.
Малшының мәртебесін көтеру жөнінде бірнеше ұсыныс айтты:
1. Малшының балаларын балабақшамен қамтамасыз ету. Мектеп жасындағы балаларына жақсы білім алуына жағдай жасап, арнайы интернаттар ашып оқыту қажет.
2. Жоғарғы оқу орындарына түсуге арнайы гранттар бөлу және Ұлттық біріңғай тестерді тапсырған малшы балаларына арнайы жеңілдіктер жасалу қажет.
3. Жылына бір мәрте малшыны жанұясымен бірге тегін медициналық қызметтерден өткізіп, шипажайға демалуға жолдама берілу қажет.
4. Ауыл мен аудан орталықтарында мемлекттік бағдарламамен салынып жатқан қол жетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету.
5. Малшының жұмысы ауыр болғандықтан зейнетке шығу жасын төмендету, бұл жерде мен әскери қызметкер сияқты 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамға зейнетке шығаруды ұсынар едім.
6. Бүгінгі таңда мал бағушылардың еңбектері жұмыс беруші тарапынан бағаланбай жатқанын ескерсек Еңбек бағдарламасы арқылы мемлекеттен белгілі бір пайызда жалақы төленсе.
Ең басты мәселе жыл сайын әр өңірден білікті шаруалар мен малшылар анықталып, Мемлекет басшысының қолынан «Еңбек Ері» атағын беруді ұсынамын. Кезінде малшы мәртебесі биік болғаны соншалық «Батыр, Социалистік Еңбек Ерлері» Жолсейіт Молдасанов, Жазылбек Қуанышбаев сынды аталарымыз әлі ел есінде. Жоғарыдағы айтылған құрмет пен ескерулер, жағдайлар жасалса, малшының мәртебесі көтеріліп, біліктілігі артады, өз аралында шабыт алып, малдың басы көбейеді. Кейінгі буын арасынан ата кәсіпке бет бұрушылар мен қызығушылардың саны артады, - деп сөзін түйіндеді Назаров.