Аралдық тігіншілер мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашты

30 Мамыр 2021, 15:40
2549
Бөлісу:
Аралдық тігіншілер мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашты

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аралдық тігіншілер мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіптерін дамытуда.

Арал ауданының Жақсықылыш кентінде тұратын көпбалалы ана Әйгерім Даненова жәрдемақыға қарап отыруды жөн көрмей, жұмыссыз азаматтарға берілетін грантты ұтып алуға күш салды. Кәсіпті игеру үшін арнайы курсынан өтіп, бизнес-жоспарын құрады. Соның арқасында алға қойған мақсатына жетіп, грант иегері атанды.

Мен қалада туып-өстіп, ауыл азаматына тұрмысқа шыққанмын. Медицина мамандығы бойынша білім алдым. Десе де тұрмыста, көпбалалы ана болғаннан кейін үйде көбірек уақыт өткізгіміз келеді. Мен жолдасыммен ақылдасып үйде отырып қолымнан келетін іспен айналысқанды жөн көрдім. Қалада өссем де әжемнің тәрбиесін көргенмін. Тігіншілік қолымнан келеді, ісмерлікке жаным жақын. Бірақ заман талабына сай тігін машиналарын алуым керек оған менің қаражатым жетпейді. Сондықтан мемлекет көмегіне жүгіндім. Түсінгенім еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп екен ғой. Тағы қайтарымсыз грант болғанда тіпті қуандым. Грант қаржысын алып, тігін машиналары мен кәсібіме қатысты құралдарымды сатып алдым, - дейді тігінші Әйгерім.

Әйгерімнің өзі ғана емес жолдасы да мемлекет қолдауымен қаржы алып мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Ешкімге алақан жаймай балаларын асырап жүрген ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің жоспары көп. Кәсіптерін кеңейтіп, елге пайдамызды тигізсек дейді.

Жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсібін жүргізіп отырған тағы бір аралдық кәсіпкер – Гауһар Жаңабаева. Ол Аманөткел ауылында туып-өскен. Тігіншілікті жастайынан анасынан үйренген. Бірақ бұл салада кәсіп ашып, біржола тігінші боламын деген ойында болмағанын айтады. Заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алып, мемлекеттік мекемеде 7 жыл жұмыс істейді.

Мектеп бітірген сон міндетті түрде жоғары оқу орнына тапсыру керек деген түсінік бар ғой ауылда. Сондай мақсатпен менде білімімді жалғастырдым. Бітірген мамандығым бойынша бірнеше жыл жұмыс та істедім. Бірақ тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін бәрі басқаша өзгереді екен. Әрине күйуіңнің табысына күн көріп отыра беруге болар еді. Бірақ қолымнан келетін іспен айналысып, өзімді неге дамытпасқа деген ой келді. Ауылда туып өскеннен кейін іс тігу бала күннен бергі үйренген, әбден машықтанған жұмысым. Барлығы еңбекпен келеді ғой. Тігін тігу қолымнан келеді екен деп машина, құралдарсыз халыққа сапалы қызмет көрсете алмайсың. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығының көмегіне жүгіндім. Ережесі бойынша курсын оқып, грант иемдендім. Қазір еңбегімнің жемісін көріп жатырмын, - дейді Гауһар Жаңабаева.

Екі кәсіпкер де жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық алып шықса да, менің дипломым бар деп қарап отырған жоқ. Қайткенде үй шаруашылығы мен бала тәрбиесін қатар алып жүріп табыс табуға болады деп жолын іздеді. Тапты. Бір уақытта отбасы ұйтқысы, көпабалалы ана, табысты әйел бола білген қос тігінші де мемлекет қолдауына риза.

Өзгелердің жаңалығы