Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арал ауданында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасының аясында 604 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл жұмыс көздері бағдарлама бойынша бекітілген 16 жоба бойынша іске аспақ.
Биыл Арал қаласында 33 көше жөнделеді. Барлығы 22 шақырымнан асатын көшелердің құрылысына республикалық бюджеттен 660 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Үлкен жобаға "Арал құрылысы" ЖШС-гі мердігер болып анықталған. Қазіргі таңда мердігер мекеме аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы аталған жол жөндеу жұмыстарына 43 адамды жұмысқа қабылдап үлгеріпті.
Бүгінгі күні 5 көшенің астыңғы қабаттары тегістеліп жатыр. Құрылыс материалдары дайын. Алдағы аптада асфальт жабындыларын төсей бастаймыз. Барлық жұмыстар кезең-кезеңімен әрі уақытында бітетін болады, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев.
Бұдан өзге аудандық маңызы бар "Ескіұра елді мекеніне кіре беріс" автожолының құрылысына 99 млн 452 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыстары басталатын болады.
Тағы қуанатын жаңалық, аудан орталығындағы Абай көшесін абаттандыру жұмыстарына республикалық бюджеттен 110 млн теңгеден астам қомақты қаржы бөлініпті. Бас мердігері – "Наурыз құрылыс" ЖШС. Аталған мердігер аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 14 адамды жұмысқа қабылдап, абаттандыру жұмыстарын бастап кеткен.
Мамыр айында басталған қаладағы №2 мөлтек ауданы аумағындағы 10 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды. Мұндағы әр үй 4 пәтерден, бір қабаттан тұрады. Яғни салынатын он үйде 40 пәтер болса, соның жартысы екі бөлмелі, ал қалғаны үш бөлмелі пәтерлер. Тұрғын үйді тұрғызудағы басты мақсат – өз үйіне қол жеткізгісі келетін аудан тұрғындарының мәселесін шешу. Яғни, аталған жобаның қаржысы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен" келісімшарт негізінде облыстық бюджет есебінен бөлінген. Жаңа баспанаға аталған банк арқылы кезекте тұрған салымшылар ғана қол жеткізе алады.
Айта кету керек, жаңа үйлерді салушы бас мердігерлер – жергілікті "Наурыз құрылыс" және "Ара2су құрылысы" ЖШС. Қос мердігер кіріскен құрылыс жұмыстарына аудандық халықты жұмыспен қамту бөлімі арқылы 50-ге жуық аудан тұрғындарын тартыпты. Тұрғын үйлер күзге дейін бітіп, 40 отбасы жаңа пәтерде қоныс тойын тойламақ.