Арал ауданының тұрғындары Елбасын қонаққа шақырды

27 Наурыз 2019, 17:33
3366
Бөлісу:
Арал ауданының тұрғындары Елбасын қонаққа шақырды
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Арал ауданында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешіміне және Елордаға жаңа атау берілуіне орай форум өтті. Басқосуда аралдықтар Елбасының Сыр еліне деген ықыласы мен қамқорлығы туралы ойларын айтты.

Форумда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағанбетов Тұңғыш Президенттің Арал өңіріне келген сапарының маңызды болғанын айтып, өткенді еске алды. Елбасының қолдауымен, бастамасымен іске асқан өлкедегі айтулы жұмыстар туралы сыр шертті. Шәкірат ақсақал Ұлт көшбасшысын Арал ауданының қадірлі қонағы болуға шақырды.

Сонымен қатар, осыдан екі жыл бұрын Сыр өңіріне келген сапары кезінде Елбасымен жүздесіп, батасын алған оқушы Нұрсұлтан Жақсыгелдиев те өз өміріндегі жарқын сәт туралы айтып берді.

Арал ауданының тұрғындары Елбасын қонаққа шақырды

«Менің аңқылдаған ақ жүрегімнен шыққан бір ауыз сөзім – арманым болатын. Сол арманыма Елбасы қанат бітірді. Астананы көру, Елбасымен жүздесу кез келгеннің еншісіне бұйырмайтын бақ. Қызылорда қаласына жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан атамен кездестім. Сол кезде Астана қаласын көру арманым екендігін айтқан болатынмын. Содан кейін Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы маған отбасыммен Елордамызда саяхаттауға мүмкіндік жасады. Біз отбасымызбен бірге еліміздің бас қаласында болып, әсем де көрікті жерлерін аралап, саяхаттап қайттық. Қазіргі таңда сүйікті мектебімде оқуымды жалғастырудамын. Бұл үшін Елбасына шексіз ризашылығымды білдіремін», – дей келе дарынды жас Нұрсұлтан Әбішұлын Арал ауданына қонаққа келуді өтінді.

Ал ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденінің иегері Күлмәриям Кемалованың пікірінше, Елбасының бастамасымен САРАТС жобасының 1-кезеңі жүзеге асырылды. Бір кездері суы тартылып, аңқасы кепкен Арал теңізі бүгінде қайта қалпына келді.

«Ежелден тіршілігі теңізбен байланысты Арал өңірі тұрғындарының ата кәсібі балық шаруашылығы жылдан жылға жанданып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау да қарастырылып жатыр. Мұның бәрі – Елбасымыздың қамқорлығының жемісі. Соның ішінде, Тұңғыш Президентіміздің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды балықшылар қауымы жақсы сезініп келеді. Мәселен, өзімнің өңірдің балық шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесім ескеріліп, түрлі қолдау мен марапаттарға ие болдым. Соның ішінде, мемлекеттік ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы орденімен» марапатталдым. Осы орайда, тартылған теңізді қайта қалпына келтіруге күш салып, балықшыларға ерекше көңіл бөліп, кәсіптерінің дамуына әрдайым қолдау жасағаны үшін Елбасымызға ризашылығым шексіз!» – деді Күлмәриям Кемалова.

Оның айтуынша, ел еңсесін көтерудегі Елбасының елеулі еңбегін барлық Арал жұртшылығы жақсы біледі. 

«Тәуелсіз еліміздің бақытты буыны Тұңғыш Президентімен әлі талай мақтанатын болады», – деп сөзін түйіндеді.

Арал ауданының тұрғындары Елбасын қонаққа шақырды

Айта кеткен жөн, бүгінде аймақта 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі соңғы бес жылда іске қосылды. 2000-шы жылдары Арал теңізіндегі жалғыз балық аулау – камбалы-глосса 400 тоннадан аспаған еді. Қазіргі таңда 23 балық түрі қалпына келтірілді, оның 14-і кәсіптік, ал балық аулау 2018 жылы 8 мың тоннадан асты. Экспортқа 4 мың тонна балық өнімі, Польша, Германия, Голландия, Грузия, Литва, Украина, Ресей және Қытай сияқты елдерге жіберілді.

Арал ауданының тұрғындары Елбасын қонаққа шақырды

Бұдан бөлек, Жақсықылыш кентінде де «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» деген тақырыппен астананың аты өзгеруіне байланысты қолдау шарасы ұйымдастырылды. Оған 90 жылдық тарихы бар «Аралтұз» АҚ кеншілері мен кент тұрғындары қатысты. Олар Елбасына қимастық сезімдерін білдіріп, хат жолдады.

Өзгелердің жаңалығы