Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймақтың медицина мекемелерінде инфекцияға қарсы шаралар қолға алынған. Әлеуметтік дәріханаларға медициналық маскалар жеткізілген, бетперделер бір қолға 5 данадан сатылып жатыр.
Қарағанды облысында короновирус инфекциясының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгін Майқұдық ықшам ауданындағы №4 емхананың инфекцияға қарсы дайындығын бақылап қайтқан едік. Бүкіләлемдік пандемия деп танылған короновирус инфекциясының алдын алу бойынша емханаға кіреберісте мамандар келушілердің қолдарын антисептикпен дезинфекциялап, сақтану шараларын түсіндіруде. Медицина мекемесінің қызметкерлерінің айтуынша, емханаға қызуы көтеріліа келген адамдар болған жағдайда, оларға медициналық бетперделер тегін беріледі.
Мекемедегі әлеуметтік дәріханада медициналық маска жеткілікті. Дәріхана қызметкерінің айтуынша, маска бір қолға 5 данадан артық сатылмайды.
Бүгін таңертең маскалар әкелінді. Тұрғындарға 5 данадан сатып жатырмыз. Бір масканың құны - 84 теңге. Спиртті антисептиктер бүгін таңертең таусылды. Жақын уақыттары жеткізілмек, күтіп отырмыз, - деді фармацевт Қатипа Сахиева.
Еске салайық, Қарағандыда жаңа кәсіпорын медициналық маскалар шығарумен айналысуды бастағанын хабарлаған болатынбыз. Аталған кәсіпорын алғашқы 90 мың масканы әлеуметтік дәріханаларға жөнелткенін хабарлады.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта медициналық маска тапшылығы болмайды, жақын күндері бетперделер жекеменшік дәріханаларға да жеткізіледі.