Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының білім беру саласын биыл үлкен өзгерістер күтіп тұр. Аймақтағы 450-ге тарта білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірнеше жаңа мектеп пен балабақша пайдаланылуға берілмек. Мектеп аулаларындағы дәретханалар ғимарат ішіне көшіріліп, нысандарға бейнебақылау камералары орнатылады.
Аймақта жеті мектептің, екі балалар бақшасының, оқушылар сарайының, жатақхана мен спортзалдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, жөндеуді қажет ететін білім беру мекемелерінің барлығында жоспарлы және күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Бұл үшін бюджеттен 21 млрд теңге қаржы бөлінген. Осылайша, жақын уақыттары өңірде шамадан тыс жүктемемен білім беретін мектептердің, күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордаларының мәселелері шешіліп, балабақшалардағы орын жетіспеушілігі де жойылатын болады. Мектептердегі бейнебақылау камераларын орнату ісі де жоспарға сай жүргізілуде.
Аймақтардағы білім мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша және "Ауыл - Ел бесігі" арнайы жобасы аясында жүргізілуде. Ауладағы дәретханаларды ғимарат ішіне енгізу жұмыстары да жасалып жатыр. 119 аула дәретханасының орнын ауыстыру үшін жергілікті бюджеттен 357 млн теңге қаражат бөлінген. Мектептердегі жөндеу жұмыстарымен қатар, ғимараттарда бейнебақылау камераларын орнату да жүргізіледі. Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінің бейнебақылаумен қамтылуы 95 пайызды құрайды. 1 қыркүйекке дейін бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары толығымен аяқталады, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.Оның айтуынша, Қарағанды облысындағы 330 мектеп пен 91 балабақшаға, 20 колледж бен 7 қосымша білім беретін ұйымға күрделі және жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Қарағанды қаласында 66 мектепке жоспарлы, ал 11 білім ордасына күрделі жөндеу жасалады.
Қарағанды қаласында екі мектеп салынып жатыр. Оның бірі Майқұдық шағын ауданында орналасқан. 600 балаға арналған білім ұясы 2023 жылы пайдаланылуға берілмек. Ал қаланың оңтүстік-шығысындағы тағы бір жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы білім беретін мектеп 1200 баланы қабылдайтын болады. Сонымен қатар, жаңа мектептер Жезқазғанда, Ұлытау ауданының Бетбұлақ ауылында, Шет ауданының Киікті елдімекенінде, Теректі станциясында және Жаңаарқа ауданының Атасу елдімекенінде салынады. Сонымен қатар, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің құрылысы басталды. 640 орындық екі балабақша алдағы екі жылда пайдалануға беріледі, - дейді басқарма басшысы.Балалардың бос уақыттарын тиіді өткізу үшін Сәтбаев қаласында "Оқушылар сарайы" бой көтерсе, Саран мен Қаражал қалаларындағы жалпы білім беретін мектептердің жанынан спортзал тұрғызылады. Студенттерді жатақханамен қамту ісі де қарқын алуда. Қарқаралыда жергілікті колледж студенттеріне арналған 100 орындық жатақхананың құрылысы басталған. Сондай-ақ, Қарағандының орталығындағы Білім-инновация лицейінің қыз балаларға арналған интернаты кеңейтілетін болады.