Қарағандылық полицейлер 1 мамыр мерекесін атап өтті

1 Мамыр 2019, 10:57
2395
Бөлісу:
Қарағандылық полицейлер 1 мамыр мерекесін атап өтті

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Қарағандының құқық қорғау қызметкерлері мерекелік шара өткізіп, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрі мен мәдениетін дәріптеді.

Облыстық полиция департаментінің «Еңбек және Әскери даңқ» мұражайында өткен шарада тәртіп сақшылары қазақ, орыс, украин және неміс xалқының ұлттық киімдерінен көрсетілім өткізіп, өзге ұлттардың дәстүрлерін көрсетті.

Қарағандылық полицейлер 1 мамыр мерекесін атап өтті

«Полиция департаментінде жиырмаға жуық этностың өкілдері еңбек етеді. Елдегі қоғамды тәртіпті қазақтармен қатар орыс, украин, өзбек, белорус, неміс, корей және тағы басқа да этнос өкілдері қадағалайды», - дейді облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Қайыркен Алиев.

Бір айта кетерлігі, мұндай шара полиция департаментінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мерекелік шараға Қарағанды облысындағы этномәдени бірлестіктер - «Wiedergeburt» неміс қоғамының орталығы, «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ, корей диаспорасының өкілі, «Халықаралық полиция Академиясының» облыстық филиалының директоры Ася Хегай қатысты.

«Қазақтар мен корейлердің дәстүрлері ұқсас. Мысалы, бізде де баланың бір жасы аталып өтіледі. Осы күні корейлер қазақтардың «тұсаукесер» рәсіміне ұқсас «толь» аталатын салтын жасайды. Онда баланың алдына бірнеше зат қойылып, таңдау беріледі. Сондай-ақ корейлер қазақ xалқы сияқты үлкендерді құрметтеу мен сыйлауды алдыңғы орынға қояды», - дейді Ася Хегай.

Шарада полиция қызметкерлері неміс xалқының, казактардың салт-дәстүрлерін, сонымен қатар қазақ ұлтының беташар, шашу, сәлем салу, бата беру, көрімдік беру дәстүрлерін тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы