Қарағандыда жаңа өндіріс орындары пайда болады

6 Мамыр 2020, 01:37
2220
Бөлісу:
Қарағандыда жаңа өндіріс орындары пайда болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында бұрынғы Қарағанды құю зауытында болып қайтты. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл нысан жаңа инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен "Qaz Carbon" ЖШС Құю зауыттарының бірлестігі болып қайта аталды. Екі жыл бұрын кәсіпорында ауқымды жаңғырту басталды. Кәсіпкерлер 8 млрд теңгеден астам жеке инвестиция салды. Бүгін "Qaz Carbon" ЖШС кокс және жартылай кокс, шойын және болат өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпорын 900-ден астам болат және шойын өнімдерін шығарады. Зауыттың жылдық жобалық қуаты 120 мың тоннаны құрайды. Зауытта 1 216 адам жұмыс істейді. Компанияда орташа жалақы 245 мың теңгені құрайды. 2019 жылы мемлекетке 2,1 млрд теңге салық төленді. 

Кәсіпорынды аралау барысында "Qaz Carbon" ЖШС акционері Ерлан Нығматулин Премьер-министрге осы жылы іске асырыла бастаған екі жаңа жобаны таныстырды.

Премьер-министр агломерациялық фабрикасы бар жаңа ферроқорытпа зауытының және көмір байыту фабрикасының құрылысымен танысты.

"Агломерациялық фабрикасы бар ферроқорытпа зауытының құрылысы" жобасы бойынша инвестиция көлемі шамамен 31 млрд теңгені құрайды. Құрылыс кезеңінде 1 200-ден астам, ал пайдалану кезінде 400 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Жобалық қуаты 57 мың тонна ферроқорытпа және 240 мың тонна агломератты құрайды. Кәсіпорын "Индустрия 4.0", экономиканы технологиялық жаңғырту және өнеркәсіпті цифрландыру бағдарламасының жоғары параметрлеріне жауап беретін болады. Зауыттағы барлық дерлік өндірістік процестер автоматтандырылады және бірыңғай орталықтан басқарылады.

Жобаның экологиялық құрамдас бөлігіне ерекше көңіл бөлінеді. Зауытта әлемдегі алдыңғы қатарлы газ тазарту жүйесі орнатылған және ауаны тазартудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар "Көмір байыту фабрикасының құрылысы" жобасы аясында инвестиция көлемі 5,2 млрд теңгені құрайды. Жобалық қуаты – жылына 1,7 млн тонна күлі аз, байытылған көмір шығару. Құрылыс кезеңінде 500-ден астам, ал пайдалану кезінде 110 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Таңдалған технологияның бірегейлігі, кен байыту процесі өңірдің экологиясына әсер етпейтіндігінде, себебі барлық процесс жабық үй-жайда жүргізіледі, онда суды ағарту бассейндері үшін көп алаң қажет емес. Жаңа автоматика және электроника технологияларының арқасында барлық байыту процесін өндірісті басқару орталығының операторы бақылайтын болады.

Осылайша, "Qaz Carbon" ЖШС жаңа жобалары бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 36,2 млрд теңгені құрайды. Жобалар жеке инвестициялар, оның ішінде шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылады. Бүгінгі күні дайын өнімнің барлық желісі бойынша шетелдік серіктестермен офтейк-келісім-шарттарға қол қойылды. Іс жүзінде барлық өнім экспортқа бағдарланатын болады.

Қарағанды облысы дәстүрлі түрде ірі өнеркәсіптік аймақ болып табылатынын, сондай-ақ шикізат базасының болуы есебінен үлкен әлеуетке ие екенін ескере отырып, біз өсудің жаңа нүктелерін табамыз. Бұл ең алдымен озық технологиялар трансферті, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жасалып отыр. Өндірісте 100% отандық шикізат қолданылатын болады, бұл осы жобаларды іске асыру кезінде өте маңызды артықшылық болып табылады, - деді "Qaz Carbon" ЖШС акционері Ерлан Нығматулин.
"Qaz Carbon" ЖШС-нің жаңа жобаларын іске асыру өңір экономикасын әртараптандыруға және соңғы буын технологияларының трансферті есебінен еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай серпін береді. Сонымен қатар, алдағы жылы қосымша 500-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.
Біз бүгінгі таңда Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жеткілікті тәжірибеміз бар. Сондықтан таяу және алыс шетел нарығының қажеттілігін, сондай-ақ ішкі нарықты зерделеп, жаңа жобаларды іске асыруға кірістік. Біз Қазақстанның бІрегей инвестициялық климаты ғана емес, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімді жасау үшін үлкен шикізат базасы бар екеніне іс жүзінде көз жеткіздік, - деп атап өтті "Qaz Carbon" ЖШС акционері Давид Кемертелидзе.

Өзгелердің жаңалығы