Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ресейлік мамандар мен қарағандылық дизайнерлердің бірлесуімен 200 мың әуе шарынан жасалған ерекше композиция Наурыз мейрамына орайластырылған.
Қарағандылық дизайнерлердің Наурыз мейрамына ерекше сыйлығын "Таир" сауда үйінен тамашалауға болады.
200 мың әуе шарынан тұратын ерекше композицияны жасауда 35 аэродизайнер тер төккен. Биіктігі 16 метрге жететін туындыны жүзеге асыруға қарағандылық дизайнерлермен қатар, ресейлік мамандар да атсалысқан.
Бұл негізі краснодарлықтардың идеясы. Осыған ұқсас жобанының суретін маған бірнеше адам жіберіп, "Настя сен жасадың ба?" деп сұрай бастады. Осыдан кейін өз қаламда осындай туындыны неге жасап көрмеске деген ой келді. Композиция мен ойлағаннан да керемет шықты. Киіз үйдегі ою-өрнекті, қазақ қызының үстіндегі ұлттық нақыштағы көйлектің етегінде барынша әдемі беруге тырыстық. Бұл бір керемет жұмыс болды,- дейді идеяның авторы, "Виола" дизайн- студиясының директоры Анастасия Лунаева.
Көк аспан астында қалықтаған қыран мен қара шаңырақ, алып емен ағашы мен қазақтың киіз үйі, ауыл ақсақалы мен ұлттық киімдегі ару қыздар, жайқалған жасыл желекте жайылып жүрген жылқы.
Дизайнерлер осылайша халқымыздың көшпелі тұрмысын көрсетуге тырысқан.
3 күн және 1 түн аянбай еңбек еткен дизайнерлердің туындысы қарағандылықтардың көңілінен шықты. Композицияны тамашалауға ағылған жандар әдемі туындыны суретке түсіріп, әлеуметтік желілерді таратып жатыр.
Өте әдемі. Мұндай композицияны бұрын-соңды еш жерден көрген емеспін. Дизайнерлер қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін барынша көрсетуге тырысқан. Көз майын тауысқан, қаншама тер төккен мамандарға алғысым шексіз,- дейді Қарағанды тұрғыны Асылзада Бекболатова.