Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың қыркүйегінен 1-2 сыныптың барлық оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Облыста 6 білім ордасы салынып, 19 мектептің ғимараты жөнделеді.
Аула дәретханалары толығымен жойылады. Аймақтың білім саласындағы осы және басқа да жаңалықтарын өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңеске есеп беруінде айтты.
Алдағы жылдары Қарағандыда апатты және үш ауысымды мектептер болмайды. Ол үшін облыста 2021 жылдың аяғына дейін алты мектеп салу жоспарланып отыр.
Тек соңғы жылы облыста мектепке дейінгі 16 жекеменшік балалар бақшасы ашылды. Бұл балабақшадағы орын тапшылығын толық шешуге мүмкіндік берді. Кейінгі 5 жылда облыста алты мектеп салынды. Тағы да 6 білім ордасын салу есебінен 2021 жылдың соңына дейін аймақтағы апатты және үш ауысымды білім беретін мектептердің мәселесін шешеміз. Сонымен қатар, биылғы жылы 19 мектептің ғимараты жөнделеді. Ол үшін бюджеттен 1 млрд 705 млн теңге қарастырылған. Мектеп жанындағы аула дәретханаларын толық жоюға 233 млн теңге бөлінген. Жалпы алдағы төрт жылда жөндеу мен жаңартуды қажет ететін бырлық білім беру нысандары жаңартылатын болады. Биылғы жылдың соңына дейін облыстың барлық мектепке дейінгі ұйымдарында кезекке тұру толық автоматтандырылады. Қыркүйек айынан бастап барлық 1-2 cынып оқушылары тегін тамақтанатын болады, - деді өңір басшысы.Жеңіс Қасымбек ауыл мектептерін қолдау мен білім сапасын жақсарту мақсатында облыс әкімдігі мен Назарбаев зияткерлік мектебі арасынла Қарқаралы ауданының мектептерінің базасында "Ауыл мектебі" жобасын жүзеге асыру бойынша меморандум жасалғанын айтты. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында да жаңашылдықтар бар, мұнда "WorldSkills" стандарты бойынша құзыреттілік орталығы құрылған. Жетекші кәсіпорындардың жабдықтарына сәйкес келетін құрал-жабдықтармен жабдықталған 9 орталық жасақталса, болашақта тағы үш орталық құру жоспарлануда.
Адами капиталды дамыту мақсатында, жастардың бастамасымен аймақта 3 ғылыми-зияткерлік клуб құрылды. Экономикамыздың индустриялық бағытын ескере отырып, қарағандылық технологиялық компанияларды қолдау үшін үлкен білім орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жас ұрпақтың спорттық тәрбиесіне де көңіл бөлінуде. 2019 жылы облыс бойынша 29 хоккей алаңы, жасанды жабынды 34 спорт алаңы, StreetWorkout бағытындағы 10 алаңқай орнатылды. Осылайша бір жыл ішінде аймақтағы спорт ғимараттарының саны 80 бірлікке өсті, - деп атап өтті облыс әкімі.