Қарағандыда 194 автокөлік онлайн тіркелген

28 Сәуір 2020, 05:26
1342
Бөлісу:
Қарағандыда 194 автокөлік онлайн тіркелген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда төтенше жағдай режимі енгізілген уақыттан бері egov.kz порталы арқылы 194 автокөлік онлайн тіркелген.

Елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты 26 наурыздан бастап республика бойынша ХҚКО және мамандандырылған ХҚКО жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Ел тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді тек электрондық үкімет порталында алуға мүмкіндігі болған еді.

Біз арнайы ХҚКО жабылған кезде автокөлік құралдарын порталда қайта тіркеу бойынша қызмет азаматтар арасында сұранысқа ие болмайды деп болжадық. Себебі көптеген адамдар осы күнге дейін автокөліктерін арнайы ХҚКО-да тіркеуді қалайтын. Бірақ статистика көрсеткендей, қазақстандықтар ТЖ кезінде де көлік сатып алып, оларды өз бетінше қайта ресімдейді екен, – деді Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева.

Автокөлікті қайта тіркеу қызметі egov.kz порталында "Көлік және коммуникация" бөлімінде қолжетімді. Оны онлайн алу үшін сатушыға ЭЦҚ көмегімен egov.kz порталында авторландырылып, сатылатын автокөлік туралы ақпаратты енгізу, айыппұлдардың және салық қарыздарының бар-жоғын тексеруге сұрау салу қажет. Бұл қарыздар болған жағдайда  электрондық үкімет порталы арқылы төлеуі тиіс. Өтінімге ЭЦҚ қол қою керек. Осыдан кейін сатып алушы электрондық үкімет порталындағы өзінің жеке кабинетінде өтініммен таныса алады, онда айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмірлік белгілер, техпаспорт және тіркеу алымы үшін мемлекеттік баж төлеуге көшуге болады. Сатып алушы мәмілені өзінің ЭЦҚ арқылы растайды. Барлығы рәсімделген соң оған тек мамандандырылған ХҚКО барып, нөмірі мен техпаспортын алу ғана қалады.
Өзгелердің жаңалығы