Қарағанды облысында жеделсатылар жөнделеді

29 Қазан 2019, 02:33
1650
Бөлісу:
Қарағанды облысында жеделсатылар жөнделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы екі жылда өңірдегі барлық жұмыс істемейтін және апаттық жағдайдағы жеделсатылар жөнделуі тиіс. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аппараттық жиында осындай тапсырма берді, деп хабарлады karaganda-region.gov.kz.

"Облыстағы көпқабатты үйлерде 1 341 лифт орнатылған. Олардың көбісінің жұмыс істеп тұрғанына 25 жылдан асқан, бұл нормативтік мерзімнен жоғары. Облыста 361 жеделсаты жұмыс істемейді – бұл тым көп. ТҮКШ модернизациялау бағдарламасына сай, 2011 жылдан бастап бүгінге дейін 102 жеделсаты орнатылды, бірақ олардың кейбірі жұмыс істемейді. Осы мәселені шешу керек", - деді аймақ басшысы.
Ол ТҮКШ модернизациялау және дамытудың қазақстандық орталығымен келісімге келгенін мәлім етті. Компания қайтарымды негізде екі миллиард теңге бөлуге дайын.

Жеңіс Қасымбек әкімдерге азаматтармен кездесуді және бірінші кезекте жөндеу мен ауыстыруды қажет ететін жеделсатылар бар үйлер тізімін құруды тапсырды.

2020 және 2021 жылдары өңірде барлығы 186 жаңа жеделсаты орнату жоспарлануда. Олардың 84-і Қарағандыда, 86-сы Теміртауда, үшеуі Балқашта және төртеуі Жезқазғанда орнатылады. Сондай-ақ, жаңа жеделсатылар Саранда, Сәтбаевта, Абайда және облыстың басқа да қалаларында пайда болады.

Өзгелердің жаңалығы