Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында ақ түтек боранда жолға шығып, далада қалған адамдар құтқарылуда. Құтқарушылар тұрғындардан ауа райының қолайсыздығына байланысты жолға шықпауларын сұрайды.
Қарағанды облысында барлық автокөлік түрлеріне барлық бағыттарға қозғалыс жабылды. Дегенменде, төтенше жағдайлар қызметінің ескертуіне қарамастан жолға шығып кеткен жолаушылар қар тұтқынында қалған.
Құтқару жұмыстары Теміртау, Абай қалаларында, Бұқар-Жырау, Жаңаарқа, Ұлытау, Нұра және Осакаров аудандарындағы жолдарда жүргізілді. "Алматы-Екатеринбург" тас жолының 1047-1073 шақырымында, Теміртауға жақын жерде 20-дан астам жүк көлігі, 40 автомобиль және 1 автобус қар құрсауында қалған. Құтқарушылар түнде, түн көрінбейтін боран жағдайында құтқару жұмыстарын жүргізді. 27 қаңтарда таңғы сағат 6.30-ға дейін Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен Ұлттық ұланның "Орталық" ӨңҚ 52859 әскери бөлімі 187 адамды құтқарды, оның 40-ы балалар. Адамдар Теміртау қаласына жеткізілді, оларға медициналық көмек қажет емес. Кейбір жүргізушілер эвакуациялаудан бас тартты, - деді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресли өкілі Жанна Дәуренбекова.
Жалпы алғанда, өткен тәулікте 319 адам құтқарылды, оның 59-ы балалар. Жолда қалған 8 техника қар құрсауынан шығарылды, 82 адам жылу пункттерінде орналастырылды.
Теміртау қаласында "Ракета" демалыс аймағындағы 10 көліктен 35 адам құтқарылған, олар Теміртау қаласына жеткізілді. Ұлытау ауданында "Қызылорда-Павлодар" тас жолының 363 және 233 шақырымында қар құрсауында тоқтаған 6 көліктен 26 адам құтқарылды. Олар Жезқазғанға жеткізілді. Бұқар жырау ауданында Тоғызқұдық ауылынан 5 шақырым жерде 4 машинадан 10 адам құтқарылды, 4 автокөлік тазартылған жерге шығарылды,- деді Ж.Дәуренбекова.
Қазіргі уақытта Осакаров және Бұқар жырау аудандарында 2 жедел құтқару жұмыстары жүргізілуде.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті аймақта дауыл ескертуі сақталатының еске салады! Көліктердің қозғалысы барлық бағытта жабық. Осыған байланысты тұрғындардан елді мекендерден тыс жерлерге шықпауды, егер де жолда қалған жағдай болса автожолдардың жабылу бекеттері жанында көлік құралдарының жиналуына жол бермеулерін, мүмкіндігінше елді мекендерде, кемпингтерде, жол бойындағы дәмханаларда орналасуды сұраймыз. Ауа райының өзгеруі және автожолдардың жағдайы туралы ақпарат "Дәрмен" мобильді қосымшасында және ТЖД ресми сайтында жетімді, - дейді ТЖД-нің ресми өкілі.