Қарағанды облысында қолжетімді тұрғын үй құрылысы үш есеге артады

21 Қаңтар 2020, 00:35
1618
Бөлісу:
Қарағанды облысында қолжетімді тұрғын үй құрылысы үш есеге артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 2020 жылы қаржыландырудың барлық бағыттары бойынша 630 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп, деп жазды облыс әкімдігінің ресми сайты. 

Бұл ретте кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін қолжетімді тұрғын үй салуды үш есе арттыру көзделуде.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов өңірдегі тұрғын үй мәселесін қалай шешу керектігін айтты.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысы бойынша 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 421 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 3781 пәтер, оның ішінде 1148-жалгерлік және несиелік тұрғын үй. 2020 жылы тұрғын үйді іске қосуды 630 мың шаршы метрге дейін, яғни бір жарым есе ұлғайту жоспарлануда. Мемлекеттік қаражат есебінен пәтерлер көп салынатын болады, - деді баяндамашы.
Оның айтуынша, қала және аудан әкімдіктерімен бірге Қарағанды облысы бойынша 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарының жобасы әзірленді. Құжатта ауқымды жоспарлар туралы айтылды – таяу бесжылдықта өңірде 5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Алдағы екі жылда өз кезегін жылдар бойы күткен отбасыларға пәтер беріледі деп көзделуде. Биыл 850 көпбалалы отбасы тұрғын үй алуы тиіс.

Басқарма басшысының ақпараты бойынша, 2020 жылы 1602 отбасы жалға берілетін баспанамен қамтылады. Халықтың әлеуметтік қорғалатын жіктері үшін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.
Осы жылға арналған жоспарлар өте маңызды. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 2,5 есеге ұлғаюда. Жалға берілетін және несиелік тұрғын үй үш есе көп беріледі. Бұл қарқынды одан әрі ұстап тұратын боламыз. Қолжетімді тұрғын үй мәселесі өте маңызды. Біз қалалар мен аудандардағы кезекте барынша тезірек қысқарту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, - деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы жобалық-сметалық құжаттаманы уақтылы дайындауды, сондай-ақ жаңа құрылыс сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды. Жеке тұрғын үй салу үшін барлық жағдай жасалуы және қажетті инфрақұрылым жүргізілуі тиіс.


Өзгелердің жаңалығы