Қарағанды облысында 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

27 Сәуір 2020, 15:47
1129
Бөлісу:
Қарағанды облысында 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында Қарағанды облысының жұмыссыз тұрғындарына жұмыс табуға көмек көрсетіледі. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Дағдарысқа қарсы бағдарламаға 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыратын 600-ден астам жоба енгізілді. Өңірде жаңа нысандар салынып, қолда бар нысандарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, коммуналдық саланың сапасын жақсарту көзделген. Бір сөзбен айтқанда, жұмысшылар көп қажет болады, Жұмыспен қамту орталықтары қазірдің өзінде ниет білдірушілерді қабылдай бастады.

Селекторлық режимде өткен аппараттық кеңесте Жол картасын іске асыру, жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

Дағдарысқа қарсы шаралар аясында салалық министрліктермен инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі Жол картасына енгізу үшін жобалар тізімі келісілді. Оған 63,7 млрд теңге сомасына 16 106 жұмыс орнын құруды қарастыратын 625 жоба енгізілді. Осы санның жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекке жұмылдырылатын болады, - деп хабарлады Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Оның айтуынша, жол картасы бойынша 33 нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл мектептер, балабақшалар, спорт кешендері, су және жылумен қамтамасыз ету желілері және т. б. Сонымен қатар әлеуметтік саланың 458 нысаны, ТКШ және инженерлік-көлік инфрақұрылымы жөнделетін болады. Тағы 134 жоба қалалар мен кенттерді абаттандыруға қатысты.

Әсем Жүніспекова облыста Жұмыспен қамтудың жол картасы 140 елді мекенді қамтитыны атап өтті. Мысалы, Сәтпаев қаласында оқушылар сарайы мен балабақша, Жезқазғанда жаңа мектеп салынады, Нұра және Жаңаарқа аудандарында жаңа бассейндер пайда болады. Су құбырлары Саранда және бес ауылдық ауданда салынатын болады. Қарағандыда "Панель-центр" ықшам ауданындағы екі жедел жәрдем қосалқы станциясының, жылу желісінің құрылысы, екі жаңа автожол салу жоспарланған.

Инфрақұрылымдық жобаларға шығатын жұмысшылар 85 мың теңге (2 ЕТЖ) көлемінде көтерме жәрдемақы алады.

Жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздар қатарынан тізімдерді қалыптастырады. Салалық басқарманың мәліметтері бойынша, 4 000-нан астам адам инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Әр түрлі мамандықтар: бетоншылар, тас қалаушы, плитка салушылар, электриктер, дәнекерлеушілер, бульдозеристер, электр монтаждаушылар, токарь, сылақшы-сырлаушылар және т. б.

Аталмыш бағдарламаның негізгі міндеті – жұмыс орындарын ашу. Екіншісі – инфрақұрылымды жақсарту, біздің тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар, жергілікті бизнеске үлкен қолдау көрсетіледі, себебі ТЖ жағдайында тек қарағандылық компаниялар ғана осы жобаларды жүзеге асыратын болады, - деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы осы аптаның соңына дейін жұмысқа тез кірісу үшін барлық конкурстық рәсімді аяқтауды және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіруді тапсырды. 
Жұмыс іздегендердің әрқайсысына біз көмектесуіміз керек, - деді Қарағанды облысының әкімі.

Өзгелердің жаңалығы