Қарағанды маңында заңсыз қоқыс төгушілер ұсталды

23 Шілде 2020, 21:36
1516
Бөлісу:
Қарағанды маңында заңсыз қоқыс төгушілер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл дерек Экология министрлігінің жуырда іске қосылған "жедел желісі" арқылы анықталды деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Жол бойына қоқыс төгіп жатқан жүк көлігін сол маңнан өтіп бара жатқан өзге жүргізушілер бейнетаспаға түсіріп алған. Кейін көліктің мемлекеттік нөмірі жазылған видеоны "жедел желіге" жолдаған. Ізінше сол күні заңбұзушы анықталып, оған айыппұл салынды. Қарағанды қалалық полиция бөлімшесінің қызметкерлері ҚР ӘҚБК 505-бабы (Қалалы және ауылды жердерде абаттандыру ережесін сақтамау, инфрақұрылым нысандарына залал келтіру, жасыл өсімдіктерді жою және зақым келтіру) бойынша хаттама толтырды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, заңсыз қоқыс төгілген орынды Экология департаменті мен тұрғын үй шаруашылығы мамандары арнайы бақылап, қоқыстар толығымен тазартылған.

"Жедел желі" телефоны бір апта бұрын іске қосылған болатын. Енді Экология министрлігі бір ай бойы еліміздегі барлық заңсыз қоқыс төгу орындарына мониторинг жүргізбек. Жедел желінің нөмірі: +7 775 952 49 00.

Министр Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, кез келген азамат осы нөмірге хабарласып, қалалық немесе ауылдық аймақтардағы заңсыз қоқыс төгу орындарына байланысты мәліметтерді бере алады.

Заң бұзушылық туралы фото және видео материялдарды да жолдауға болады.

Сонымен қатар, елімізде ұлттық парктер мен демалыс орындарына "Таза Қазақстан" деген атаумен рейд жүргізу басталды.
Өзгелердің жаңалығы