Әр өңірдің бауырсағы әртүрлі - оқытушы

18 Қазан 2023, 16:55
755
Бөлісу:
Әр өңірдің бауырсағы әртүрлі - оқытушы
Фото: автордан

Алматыда «Бауырсақ Fest 2023» V қалалық фестивалі өтті. Осы ретте, «Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі» директордың өндірістік оқыту ісі бойынша орынбасары Гүлнар Ергазинамен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Авторлық бауырсақ қалай әзірленеді?

-Колледж қабырғасында «Бауырсақ Fest 2023» қалалық фестивалі осымен 5-ші рет өткізіп жатыр. Кәсіптік білім беру оқу орындарының ұстаздары 3 номинация бойынша бауырсақ пісіреді. Әр бауырсақ 2 келіден аспау қажет. Бұл сайыстың ең ерекше тұсы - авторлық бауырсақ. Аспаздар ой шеберлігін, креативті, талғампаздығын осы жерде танытады. Бұл жерде бауырсақтың пайдалылығы, дәруменділігі қарастырылады. Биыл қатысушылар кәуені, ұлдырықты, қызылшаны пайдаланғанын көрдік. Кейбіреуі пішінін өзгерткен. Ал енді бір аспаз бауырсақтың қоспасына мейіз, бал, жаңғақты ұсақтап салған. Осылайша, тәтті бауырсақты әзірлеген. Жыл сайын аспазшылар авторлық бауырсақтың түр-түрін пайдаланып, өз шеберліктерін шыңдауда. Болашақта осы фестивальді авторлығымызға алып, әзірленген бауырсақтарымыздың каталогын жасауды қолға алмақпыз.

- Фестивалдің тағы бір ерекшелігі - көрме үстелі осы жайлы не айтасыз?

- Көрме үстеліндегі заттардың әр қайсысы ұннан жасалады. Биыл біз Нан күні мен аспазшылар мерекесін негізге алдық. Былтыр Тәуелсіздік күніне орайластырған едік. Көрмеміз де осы негіз бойынша жасалған. Дегенмен әрқайсысы бір тақырыпты қорғап шығады. Мәселен, әр үстелде кешкі жайлау, қоңыр күз, жиын-терін, көрікті қаланы сипаттайды. Мұндағы адамдар да жан-жануарлар да наннан жасалады. Торттарымыздың өзін әртүрлі пішінде жасаған. Осылайша әр оқу орны өзінің біліктілігін көрсеткен. Үстелдерге қарап отырып үйлесімділік пен сән-салтанатты байқаймыз. Жыл сайын фестиваль мен қатысушылардың шыңдалып, шеберлігі артып келе жатқанын байқауға болады.

- Еліміздің әр өңірінде бауырсақ әртүрлі пісіріле ме? Осы жайлы айта кетсеңіз.

- Бауырсақ - қазақ халқына тән тағамның бірі. Оның құрамы барлық өңірде бірдей деп айта аламын. Сүт, су, тұз, ұннан жасалады. Дегенмен кейбірі айран, қаймақ қосып жатады. Дәстүрлі бауырсақтың пішіні оңтүстік өңірде төрт бұрыш болса, шығыс, солтүстік Қазақстанда домалақ болып келеді. Ал ши бауырсақ домалақ, кіші, ұзынша, сопақша болып келеді. Оның құрамына жұмыртқа қосады. Себебі жұмыртқа ұнды тығыздауға көмектеседі. Сол себептен дәстүрлі бауырсақ еліміздің қай өңірінде болмасын бір-біріне ұқсайды деп айта аламын.

- Нан өнімдерінің көп екенін байқадық. Мұның барлығы ысырап болмай ма? 

- Біз жыл сайын фестиваліміздің соңында қарттар, балалар үйлеріне барамыз. Мерекелік кешіміз сонда жалғасын табады. Ата-әжелеріміз бауырсақтың дәмін татып, бір қуанып қалады. Қазір ол кісілер біздің келуімізді күтіп, шайларын қойып отыр десем, артық айтпағаным. Барлығымыз отырып шай ішіп, әңгіме құрамыз. Расымен де тағамды ысырап етуге жол бермеу қажет. Қазақта нанның киесі ұрады деген сөз бар, сол себептен біз қайырымдылық жасауды жөн көреміз.
- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы