Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Құрылтай сайлауында дауыс берді. Ол облыс орталығындағы Орал ақпараттық технологиялар колледжінде орналасқан №521 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүзеге асып, дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Биылғы наурыз айында жалпыұлттық референдумда жаңа Конституцияны қабылдасақ, бүгін ел тарихындағы тағы бір елеулі оқиға – жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауында таңдау жасап жатырмыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр азаматтың дауысы маңызды. Жайық жұртшылығы да қашанғыдай береке-бірлігін көрсетіп, сайлауға белсене қатысады деп сенемін, - деді Нариман Төреғалиев.
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, облыста 450 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. 488 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Саяси науқанның барысын аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері байқауда.