Әр ауылдық округтің өзіндік шешілмеген мәселелері бар - депутат

26 Тамыз 2022, 18:21
789
Бөлісу:
Әр ауылдық округтің өзіндік шешілмеген мәселелері бар - депутат

Бүгін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде салынып жатқан жаңа 150 орынға шақталған ауылдық клубтың құрылыс жұмысымен танысты.  

Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты Сайлауалды бағдарламасы аясында жаңадан бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысан осы жылдың соңында пайдалануға беріледі. 

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы орындалған. Мердігерлер құрылыс жұмыстарын жоспарға сәйкес аяқталатынын айтады.

Қазір мұнда 38 азамат жұмыс істеп жатыр. Ішкі сылақ жұмыстары басталған уақытта қосымша мамандар жұмысқа тартылады. Қаржы уақытылы бөлініп тұр. Еш кедергі жоқ. Құрылыс материалдары жеткілікті. Барынша сапалы, жоспарға сәйкес желтоқсан айында аяқтаймыз, – деді мердігер мекеменің басшысы Серік Хасенов.

Өз кезегінде депутат ауыл халқы үшін мәдени нысанның сапалы әрі мерзімінде аяқталуының маңызды екендігін атап өтті.

Әр ауылдық округтің өзіндік шешілмеген мәселелері бар. Біз әр келген сайын жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп, негізгі мәселелерді қарап, олардың шешілуіне күш саламыз. Құрылыс жұмыстарына еш ескерту жоқ. Біздің талабымыз бюджет қаражаты үнемді жұмсалып, нысан уақытылы, сапалы халық игілігіне берілсе, – деді Ғалым Әміреев.

Қазіргі таңда нысаның құрылыс жұмыстары «AMANAT» партиясының бақылауына алынып, арнайы бақылау бекеті орнатылған. 

Сонымен қатар бүгін Мәжіліс депутаты «AMANAT» фракциясының мүшесі Сырым Адамбаев Алматыдағы «ASSET» полимерлік бұйымдарды өндіру зауытының еңбек ұжымымен кездесті. 

Біздің фракция мүшелері республика көлемінде кездесулер өткізуде. Депутаттар мектептерге, ауруханаларға, мұражайларға, зауыттарға және басқа да салынып жатқан нысандарды аралады. Бүгін біз отандық материалдар шығарылатын және бағасы шетелден төмен болатын Индустриялық аймаққа бардық. Сондай-ақ мұнда арнайы жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда, студенттер енді тікелей өндірісте тәжірибеден өте алады. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік, - деді С.Адамбаев. 

Жиында жұмысшылар қаладағы бірқатар мәселені көтеріп, жолдардың жағдайын жақсартуды және қосымша жол белгілерін қоюды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы