Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Елімізге танымал суретші, антиядролық қозғалыстың мүшесі Кәріпбек Күйіков 1968 жылдың 18 шілдеде бұрынғы Семей облысы Егіндібұлақ ауданында (қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы) дүниеге келген. Суретшінің туған жері Семей полигоны орналасқан аймақтан 100 шақырымдай ғана қашықтықта болған.
Біздің ауыл алғашқылардың бірі болып полигонның зардабын тартты деуге болады. Сынақ 100 шақырым қашықтықта жүргізілсе де, бізге қасымызда болып жатқандай сезілетін. Үйдегі заттар қозғалып, жер сілкінгендей күйде болатынбыз.Ата-анам ядролық сынақтар кезінде сол аймақтағы барлық тұрғынмен бірге радиациялық сәулеленуге ұшырапты. Маған дейін ата-анамның екі баласы шетінеген, сосын мен екі қолсыз дүниеге келдім. Қазір анамның сол кездегі уайымын, көрген ауыртпалығын жақсы түсінемін. Сол үшін де анама арнап, сол зардапты басынан өткізген барша аналардың құрметіне «Ана қасіреті» атты картинамды жазған болатынмын, - дейді суретші.
Ата-анасы 4-5 жасар бала Кәріпбекті Алматыға емдетуге апарады. Сол уақытта ол жаққа Ресейден дәрігерлер келіп, баланы «Ленинград ғылыми-зерттеу орталығына» протез сынақтарына алып кетуді ұсынады.
Әрине, әкем бұл ұсынысты қуана қабылдады, баласының болашағын ойлағаны ғой. Сөйтіп Егіндібұлақ пен Ленинградтың арасы қашық болғандықтан, мені сол қалаға мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектеп-интернатына берді. Ол жақта орысша білім алдым. Адам басына түскен жағдайға үйренеді екен. Ғылыми-зерттеу орталығында маған түрлі протездерді тағып көрді. Оның ішінде: электронды, биотокты, газды түрлері де болды. Бірақ мен туғаннан бәрін қолдың көмегінсіз-ақ жасап жүргесін, ешбіріне үйренісе алмадым. Олар маған керсінше ыңғайсыздық тудыратын еді, - дейді Кәріпбек Телтайұлы.
Суретші Ленинград мектеп-интернатын бітіргеннен кейін, әкесінің қолдауымен Мәскеу облысы, Загорск қаласында 2 жыл бухгалтер мамандығы бойынша жоғары білім алады.
Әкем менің білім алғанымды қалады. Мен ол кезде баламын, «маған оның керегі не, мен сендер сияқты емеспін, мен оны қайтемін» деп жиі айтатынмын. Бірақ әкем алған бетінен қайтпады, оқу оқып, жұмысқа орналасуың керек деді. Айтқан ақылының дұрыс болғанын кейін түсіндім. Әр адам кеудесінде жаны барда ілім-білімге, қоғамға пайда тигізуге тырысуы керек екен. Абай айтқандай дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қалануы керек, - деді ол.
Суретшінің суретке деген қабілеті оқушы кезінде байқалған. Мектеп-интернатта түрлі үйірмелерге қатысып, қатарластары арасында суретті жақсы салуымен ерекшеленген. Мектеп кезінде шығармашылықтың түр-түрімен айналысқанымен, өсе келе бұл саланы мүлдем қойып кетеді. Бірақ, 1989 жылы ақын Олжас Сүлейменовтің Семей полигонына қарсы үндеу жариялап, ядролық қарудан жапа шеккендер жайлы тікелей эфирде ашық айтуы суретшіге үлкен үміт сыйлайды. Солай Кәріпбек Телтайұлы көп жылдан кейін қылқаламын қолына алып «Алғашқы жарылыс» туындысын жазып шығады.
Алғашқы кезде маған суретшілер Одағы мен өнер музейі көмектесті. Кейін «Невада-Семей» антиядорлық қозғалысының мүшесі болып таныла бастадым. Сол жылдары Америкадағы Невада полигоны мен Жапониядағы ядролық қарудан жапа шеккен елді-мекендерді араладық. Келгеннен кейін өз еліміздегі сынақтар жайлы зерттедім, біздің Егіндібұлақ аймағының өзінде 250 отбасы атом ядросының зардабын тартқан екен. Сол отбасыларға көмек ретінде көрмелер, қайрымдылық акцияларын ұйымдастырдық. Суреттерімді шетелдіктер жиі сатып ала бастады,- дейді суретші.
Кәріпбек Күйіков ядролық қарудың қасыретін елімізге ғана емес, бүкіл әлемге дәлелдеді. Оның тісімен, аяқтарының көмегімен салған суреттері әлем жұртын таңқалдырды. Бүгінде суретшінің туындылары Түркия, АҚШ, Жапония, Германия мемлекеттерінің көрмесіне қойылған. Қылқалам шеберінің «Жарылыс» атты туындысын 2016 жылы Н.Ә.Назарбаев сол кездегі АҚШ президенті Барак Обамаға сыйлаған еді. Жақында Кәріпбек Күйіков Дубайда өткен «EXPO-2022» көрмесіне барып, өнерімен шетелдіктерді таңқалдырды.
(фото суретшінің жеке мұрағатынан)
Дубайға баруды мен бұрынна армандайтын едім. Осыдан 7 жыл бұрын да Facebook парақшасында жазған екенмін. Осы жылы «Әлем суреті» жобасын қолға алғанмын. Соны естіген ұйымдастырушылар, сол суретті Дубайда бастауымды ұсынды. Осы ретте маған бұрыннан қолдау білдіріп келе жатқан Даут Шайхисламовты ерекше атап өткім келеді. Сондай жаны жайсаң жандардың арқасында көрмеде Қазақстан павильонында сурет салып, үлкен жобаға атсалысу бұйырыпты. Біздің ел көрмеде мықты павильондардың қатарында болды, жақсы пікірлер мен мақтауларды көп естідік. Көрме біткеннен кейін біраз жұмысымды сол жаққа қалдырып кетіп едім. Жақында сол көрмеге әлемге танымал актер, режиссер-Жан-Клод Ван Дамм барған екен. Біріккен Араб Әмірліктерінде сұңқарлар жайлы фильм түсіріп жүрген режиссерге менің картинам қатты ұнапты. Сол себепті ұйымдастырушылармен бірге бүркіт құсы бейнеленген картинаны актерге сыйлауды жөн көрдік. Бала кезден Ван Даммның фильмдерін көріп өскен мен үшін бұл-үлкен жетістік,-дейді қылқалам шебері.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылған суретшінің кейінгі туындыларында экология, жануарларды қорғау тақырыптары жиі байқалады.
Қазіргі уақытта еліміздің экологиясының нашарлауы, жастардың жануарларға деген мейрімінің жоқтығы мені қатты алаңдатады. Арал теңізінің тартылып, өзен-көлдердің ластанғанын, шашылған қоқысты көргенде ата-бабамыз аманат еткен жерді кейінгі ұрпаққа қалай қалдырамыз, лайықты жастар тәрбиелей алдық па деп көп ойланамын. Сол себепті де қазір қоғамға ой салу мақсатында әдемі пейзаждар мен жануарларға мейірім көрсету тақырыбында картиналар көп жазудамын. Алдағы уақытта да осындай туындылар жазу ойда бар.Осы ретте ел жастарына бір-біріңе, қоршаған ортаға құрмет көрсетіп, білім алып, мемлекетімізге, әлемге пайдалы болыңдар дегім келеді,- деді суретші.