Алматы қаласында «Ақжол» партиясының сайлауалды форумы өтіп жатыр. Форумның мақсаты - партияның үгіт-насихат жұмысын бастау, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шараға партияның Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі филиалдары да онлайн қатысты.
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
Сонымен қатар, шараға Құрылтайға партия атынан ұсынылған кандидаттар да қатысты.
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
Жиынға бұған дейін мәжіліс депутаты болған Азат Перуашев пен Қазыбек Иса да келген.
Форумға партия басшысы Дания Еспаеваның өзі арнайы келіп, сөз сөйледі.
Осы жауапты да маңызды қадамда баршаңызға ақ жол тілеймін. Ақ жол партиясы шағын және орта бизнес, отандық өндірушілер мен нарықтық экономиканы, ұлттық мүдде мен демократиялық құндылықтарды қорғап келе жатқан 25 жылдық жолы бар партия. Біз Құрылтай сайлауына нақты өзгерістерді жүзеге асыру үшін қатысамыз. Ол үшін сайлауалды бағдарламамызда нақты мына бағыттар бекітілді: Қазақстанның егемендігі мен ұлт мүддесін қорғау, жемқорлықпен күресіп, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру, - дейді Дания Еспаева.
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
Сонымен қатар, партияның сайлауалды бағдарламасында:
шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу,
табиғи байлықтың игілігін Қазақстан халқына бағыттау,
жастарды, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау да бар.
Айта кетейік, партияның ұраны “Өзгерістер қажет!”.
Баспананың қолжетімсіз болуы, табыстың аздығы, осының бәрі жас отбасыларға үлкен салмақ салып отыр. Бұл мәселе партиямыздың сайлауалды бағдарламсында қамтылған. Біздің нақты ұсыныстарымыздың бірі - жас отбасыларды баспанамен қамту, ипотекалық несиеде әр бала дүниеге келген сайын кезең-кезеңімен жеңілдік жасау. Жастарға арнап әлеуметтік, қолжетімді тұрғын үйлерді көптеп салу керек, - дейді Дания Еспаева.
Ол партияның әр қадамы - ел мүддесін орындау екенін айтады.
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
Еске салайық, Астанада өткен сайлауалды съезде Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған сайлауалды бағдарлама мен кандидаттар тізімі бекітілді. «Ақ жол» партиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға 63 кандидатты бекіткен болатын.
Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина
Съезге партия басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, өңірлік партия конференцияларында өкілдік нормаларына сәйкес сайланған 200-ден астам делегат, депутаттар, партияның жастар қанатының өкілдері және кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша съезд Демократиялық «Ақ жол» партиясының «Өзгеріс – сөзсіз» атты саяси бағдарламасын бекітті.
Сондай-ақ съезд Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін мақұлдады. Тізімге еліміздің барлық өңірлерінен ұсынылған 63 кандидат енді. Олардың қатарында отандық кәсіпкерлер, сарапшылар қауымдастығының өкілдері және қоғамдық қызметтің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар бар.