Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ақ жаулықты әжелер, көп балалы аналар мен түрлі салада қызмет етіп жүрген бірқатар нәзік жандылармен кездесті.
Бердібек Сапарбаев алдымен «Анаға тағзым» орталығы әзірлеген суреттер, қолөнер бұйымдары (құрақ көрпе) және тағамдар көрмелерімен танысты.
Кездесу барысында аймақ басшысы баршаны көктемнің тамаша мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
– Бұл мереке ең алдымен аналарымызға деген шынайы құрметтің көрінісі. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтылмаған. Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік пен ұлылық атаулының бәрі де әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды. Сондықтан қай қоғамда болсын әйелдер қауымының алар орны айрықша.
Еліміздің өркендеуі мен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында нәзік жандылардың да еселі еңбегі мен қарымды үлесі бар. Сіздер кез-келген салада табысқа жетіп, табандылықтарыңызды танытып келесіздер.
Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде ана мен бала қамқорлығына, олардың денсаулығына айрықша көңіл бөлінуде. Әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға баса мән беріледі. Әлеуметтік көмектер көлемі жыл санап өсіп келеді. Бұл жұмыстар біздің облысымызда да жүйелі жүзеге асуда. Көктемнің осынау тамаша күнінде Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға шаттық пен амандық тілеймін, - деп Бердібек Сапарбаев жиналғандарға ыстық лебізін білдірді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ұрпақ тәрбиесіндегі әйел-ананың орны ерекше екенін атап өтті.
Баланың бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтар, өмірге деген көзқарасы, түрлі қасиеттері ең алдымен өз отбасында қалыптасады. Сондықтан қазір отбасы институтын нығайту мәселелеріне баса көңіл бөлінуде. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді және бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Біздің облыста 40 000 – нан астам көпбалалы ана бар, олардың 19 000 - ға жуығы «Алтын алқа» иегері», - деді облыс әкімі.
Жиынға қатысушы ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер де ұлттық салт-дәстүрдің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше маңызы мен рөлі туралы орамды ойларын ортаға салды.
Әйел – ұлттық салт-дәстүрді сақтауда үлкен рөл атқарады. Ұлттық негіз ұрпақтан-ұрпаққа ана сүтімен дариды. Ана махаббаты мен мейірімі балалардың өмірдегі қиындықтарды еңсеріп, өз елінің лайықты азаматы болуына әсер етеді. Балаларымның барлығы жоғары білім алды, өмірден өз орындарын тапты. Өткен жылы 6 балам мемлекет қолдауының арқасында пәтер кілтіне ие болды, – дейді өзінің жеті баласымен бірге 16 тәрбиеленушіні бауырына басқан көп балалы ана Сапура Ержанова.
Тағдырдың салған қиындығына мойымай, тігін өнерімен кәсіби түрде айналысып жүрген Анар Бексұлтанова қыз-келіншектерді бірлікке, игі істерді жұдырықтай жұмыла атқаруға шақырды. Екі қолы жоқ болса да, қалындық жасауын дайындауда шеберлік танытып, тігін шеберханасын ашқан ол көпке үлгі. Анар Бексұлтанова алдағы уақытта жас аналармен тәжірибесімен бөлісетін тағы бір шеберхана ашуды көздеп отыр.
Медицина саласында ұзақ жылдар бойы елеулі еңбек еткен еңбек ардагері Тұрсынкүл Әшірбаева өңірімізде денсаулық сақтау саласының қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рахымжанова, «Құлан нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытгүл Мырзалиева, Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Айсұлу Тұрымбек те өз ойларымен бөлісті.
Жиын барысында бірқатар аналар, қыз-келіншектер «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» төс белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев 3 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 3 анаға «Күміс алқа» алқасын табыс етті.
Көпбалалы аналар өздерінің өзекті мәселелеріне көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін облыс басшылығына алғыстарын білдірді.