Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздегі ең танымал зияткерлік турнирлердің бірі «Aqyl Battle CUP» КТК басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, турнир мемлекеттік тілде, «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында, 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандық жастар арасында өтеді.
Жобаның мақсаты – қазақ тілін дамыту және қолдану аясын кеңейту, жастарды білімге баулу, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін арттыруға ықпал ету, - делінген мәліметте.
Зияткерлік турнир бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең офлайн форматта Астанада (16 мамыр), Шымкентте (21 мамыр) және Алматыда (23 мамыр) өтеді.
Елдің басқа өңірлерінде сайыс 30-31 мамыр күндері «Aqyl Battle» мобильді қосымшасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылады.
Гранд-финалға еліміздің барлық өңірінен үздік шыққан 20 команда жолдама алады. Биыл оларға түркі елдерінің құрама командалары да бәсекелес болады.
Жалпы жүлде қоры – 3 600 000 теңге.