Ақтоты Райымқұлова ЮНЕСКО ұйымдастырған конференцияға қатысты

23 Сәуір 2020, 18:38
1408
Бөлісу:
Ақтоты Райымқұлова ЮНЕСКО ұйымдастырған конференцияға қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелерімен айналысатын ұйымы (ЮНЕСКО) COVID-19 пандемиясы кезеңінде туындаған қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. 

Осы орайда ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле мәдениет министрлерімен онлайн кездесуі өткізді. 

WhatsApp Image 2020-04-23 at 16.17.26.jpeg

Басқосудың мақсаты - ЮНЕСКО аясындағы мемлекеттердің мəдениет министрлерімен тұрақты диалог құру үшін пікір алаңын қалыптастыру.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы 19 қарашада Парижде өткен əлем елдері мәдениет министрлерінің форумында аталған мəселелер қозғалып, талқыланған болатын.

Онлайн жиында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл салаға көрсетіліп жатқан қолдау, жинақталған тәжірибе жəне ұсыныстармен бөлісті. Сондай-ақ, коронавирус індетінің таралуының алдын алуда қабылданған шаралар жайлы айтты.

Бүгінгі таңда барлық мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Оның ішінде тарихи-мәдени нысандар мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіретін нысандар да жабылған.

Қалыптасқан жағдайға қарамастан, бүкіл әлем үшін күрделі уақытта мәдениет және өнер қайраткерлері қазақ халқы мен шетелдік көрермендерді онлайн режимде өз шығармашылығымен қуантып келеді.

Еліміздегі өнер саласындағы барлық ұйым, мұражай, кітапхана және өзге де мәдени-демалыс мекемелері өздерінің аудио-және бейне жазбаларына, виртуалды турларға, жарияланымдарға және т.б. тегін онлайн-қолжетімділік жасады.

Мәдени және спорттық қоғамдық мекемелердің әлеуметтік желілерінде танымал мәдениет қайраткерлерімен онлайн жаттығулар, дәрістер, вебинарлар, концерттер, виртуалды экскурсиялар көрсетіліп, фильмдер мен балаларға арналған ертегілер оқу көрерменге жол тартты.

Әлеуметтік желілерде үнемі әртүрлі челлендждер өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, бұл күндері спорт және туризм саласында онлайн кездесулер өтіп, пікір алмасулар жүріп жатқанын айта кеткен жөн.

Әсіресе, елімізде Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Карантиндегі жұлдыз" жобасы үлкен танымалдыққа ие болды. Оның аясында танымал әртістер тікелей эфирде өнер көрсетіп, сұхбаттасып, көрермендердің сұрақтарына жауап береді.

Мәдениет мекемелері онлайн-конференциялар өткізіп келеді. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына және ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық форум Қытай, Түркия, Венгрия және Ресей спикерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Мәдениет саласының қызметкерлері індетпен күресте әлеуметтік көмек те көрсетіп келеді.

Министрліктің бастамасы бойынша мемлекет қаржыландыратын, театрлар, киностудиялар, мұражайлар, стадиондар тігін цехтары бар барлық мәдениет және спорт ұйымдары медициналық бетперде тігумен айналысады. Бүгінде олар медицина және әлеуметтік қорғау мекемелеріне 40 мыңнан астам медициналық бетперде дайындап, табыс етті.

Айта кетейік, онлайн кездесу жұмысына 136 елдің мәдениет министрі қатысты. Тараптар осынау күрделі кезеңде бүкіл әлемдік тәжірибені қолдана отырып, мәдениет пен өнерді сақтау мен дамытуға бағытталған жұмыстар туралы пікір алмасты. Онлайн кездесудің қорытынды бөлімінде халықаралық тәжірибеге сай, экономиканы қолдау жөніндегі жалпы іс-шараларға қосымша мәдениет секторын қолдауға арналған нақты іс-шаралар қабылданатындығы айтылды. Мәдени бағыттағы жұмыс COVID-19-ды жеңіп шыққанға дейін белсенді түрде жалғасатын болады.

Өзгелердің жаңалығы