Ақтөбенің инфрақұрылымы қалай дамып жатыр

24 Маусым 2024, 18:49
266
Бөлісу:
Ақтөбенің инфрақұрылымы қалай дамып жатыр
Фото: автордан

Ақтөбе қаласында тұрғындар саны артуына байланысты жаңа тұрғын алаптары бой көтеруде. Алайда оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде шешілмей жатқан мәселелер жетерлік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Аманчиннің айтуынша, қазіргі таңда облыс орталығында 54 тұрғын алабы бар. Әзірге оның 49-ы — көгілдір отынмен, 36-сы — ауызсумен, 48-і электр желісімен қамтылған.

Бүгінде қала аумағында газбен қамтамасыз етілмеген 5 тұрғын алабы бар. Оның ішінде бір тұрғын алабында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 3 тұрғын алаптың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Тағы бір тұрғын алабының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.Бұдан бөлек, электр желісімен қамтамасыз етілмеген 6 тұрғын алабы бар. Оның ішінде 2 тұрғын алабына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы үшеуінің құжаттары дайын. Ал бір тұрғын алабының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр, — дейді Сұлтан Аманчин.

Ақтөбе қаласында орталықтандырылған ауызсумен 36 тұрғын алабы қамтамасыз етілген. Ал қамтамасыз етілмегендерінің саны — 18. Оның ішінде 2 тұрғын алапқа қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш тұрғын алабының жобалық-сметалық құжаттары дайын болса, тағы екеуінікі дайындалуда. Өкінішке қарай, бүгінде Ақтөбе қаласы аумағындағы Жаңаауыл-1, Жаңаауыл-2, Ақшат-2, Ақшат-3, Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Бауырластар-3, Бауырластар-5 тұрғын алаптарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мүмкін болмай отыр. Оған себеп — аталған тұрғын алаптарында жер асты су қоры анықталмай отыр. Бұл орайда қала әкімдігі Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жер асты су қорын анықтауға өтінім беріліп, жер асты су қорын анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Жаңаауыл-1 тұрғын алабын газбен қамтамасыз ету бойынша 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталып жүргізілген болатын. Бұл жобаны жүзеге асыру биыл да жалғасуда. Биылғы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Жүргізілетін газ құбыры желісінің ұзындығы — 82,6 шақырым. Ал Баянауыл-1 тұрғын алабын газ желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мердігер анықталуда. Қазір сот процесі жүруде. Бұл жерде жүргізілетін газ желіснің ұзындығы- 21,8 шақырым. Бұдан бөлек, Рауан-2 тұрғын алабын газ желісімен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім тапсырылып, бүгінгі күні құрылыс жұмыстарына 200 000,0 мың теңге қаржы бөлінді. Құрылыстың жалпы сметалық құны — 736 555,0 мың теңге. Газ желісінің ұзындығы — 52,7 шақырым, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ биыл Ақтөбе қаласындағы Сазда-3 тұрғын алабын газ желісімен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім тапсырылған. Әзірге бұл мақсатқа қаржы бөлінбеген. Құрылыстың жалпы сметалық құны —1 556 805,0 мың теңге. Газ құбыры желісінің ұзындығы — 98 шақырым. Ал Жаңаауыл-3 тұрғын алабында жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып тұр.

Сұлтан Аманчиннің айтуынша, қаржы бөлінуіне байланысты келер жылдың соңына дейін барлық тұрғын алап газ желісімен қамтамасыз етіледі.

Электр желісіне келсек, қазір 54 тұрғын алабының 48-і жарықпен қамтылса, қалған алтауына алдағы уақытта жүргізіледі. Биыл Батыс-3, Жаңаауыл-1 тұрғын алаптарына жарық беріледі. Ал Рауан-2 тұрғын алабын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Біз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім тапсырдық. Жобаның жалпы құны 677 000,0 мың теңгеге жетіп отыр. Бұл ауданда жүргізілетін электр желісінің жалпы ұзындығы —74,5 шақырым. Сондай-ақ Парасат тұрғын алабында 153,3 шақырым жерге газ құбыры тартылуы керек. Бұл ретте қазір біз жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысы алып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім тапсырып қойдық. Әзірге бюджеттен қаржы бөлінбей отыр, — дейді Сұлтан Аманчин.

Оның айтуынша, биыл Сазда-3 тұрғын алабын электр желісімен қамтамасыз етуде бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім тапсырылған. Дегенмен бұл жобаға да қажетті қаржы бөлінбей отыр. Сол сияқты жаңа бой көтеріп жатқан Жаңаауыл-3 тұрғын алабында жобалық-сметалық құжаттамаларға өзгеріс енгізілуіне байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылған. Алайда бұл аумақты келер жылдың соңына дейін электр желісімен толықтай қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 Ауызсуға келсек, Ақтөбе қаласы аумағындағы тұрғын алаптарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында үш нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.Олар Мағаджан, Шиелісай-1,2, сондай-ақ Aktobecity (Батыс-3) тұрғын алаптарында орналасқан. Су құбыры желілерінің тозуын азайту мақсатында 2023 жылы «Ақтөбе қаласындағы жоғары Қарғалы су тартқышынан төменгі Қарғалы су тартқышының екінші көтерілуіне дейін су тартқышты қайта жаңарту» нысанының құрылыс-монтаж жұмыстары басталған болатын. Нысан 2024 жылға өтпелі нысан ретінде қосылды.Мұндағы су желісінің ұзындығы — 32,4 шақырым, — дейді қала әкімінің орынбасары.

Жоспарға сәйкес биыл Парасат, Думан, Батыс-3, Рауан-2, Шығыс-1 тұрғын алаптарын ауызсу желісімен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім тапсырылған. Бұлардың ішінде алғашқы үш жобаға қаржы бөлінген. Ал

Шығыс-1 тұрғын алабына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сол сияқты

Рауан-2 жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, сараптамадан оң қорытынды алынған.

Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласының Астана ауданын толықтай су желісімен қамтамасыз ету мақсатында 5 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Олардың қатарында Құндақтықыр су қабылдағышының сорғы станциясынан екінші су тартқыш салу, Ақтөбе қаласында жұмыс істеп тұрған айдау сорғы станциясының Құндақтықыр су тартқышын реконструкциялау және кеңейту, Ақтөбе қаласындағы су тазарту құрылысын жүргізу,

Ақтөбе қаласының Құндақтықыр су тоғаны станциясына дейін бірінші көтергіш Сарыбұлақ сорғы станциясының және су таратқышының құрылысын жүргізу, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Құндақтықыр су қабылдағышына дейін су тартқыштары бар бірінші және екінші көтермелі сорғы станциялары бар Моисеев су тартқышын салу жобалары бар.

Бүгінде Ақтөбе қаласында жаңа тұрғызылып жатқан тұрғын алаптарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесінен бөлек, қолданыстағы тұрғын үйлерді жылумен, сумен қамтуда проблемалар бар екені анық. Мәселен, Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының

орынбасары Нұртай Сертаевтың айтуынша, биыл облыста жылыту маусымына кәсіпорындардың және жергілікті бюджет есебінен коммуналдық инфрақұрылым нысандарын дайындау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 18,1 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде 1,3 млрд теңге нормативті отын қорын құруға жұмсалмақ.

Биыл облыс бойынша 632 қазандыққа, оның ішінде Ақтөбе қаласында — 26, аудандарда 606 қазандыққа, 31,2 шақырым жылу желілеріне, 53,2 шақырым су-кәріз желілеріне, 385,9 шақырым электр желілеріне, 1 371 әлеуметтік нысандарға, 2540 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеулер және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл «Ақтөбе ЖЭО» акционерлік қоғамы жылыту маусымына дайындық бойынша бекітілген жол картасына сәйкес 900,8 миллион теңгеге 13 қазандыққа және 6 турбоагрегатқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған болатын. Бүгінге дейін 4 қазандық және 3 турбоагрегат бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, — дейді Нұртай Сертаев.

Оның айтуынша, «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы биыл жалпы сомасы 4,0 млрд теңгеге 26 қазандыққа, сондай-ақ 8,6 км жылу желісіне, 26,3 км су-кәріз желісіне жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бүгінге дейін аталған мекеме 2 қазандыққа, 5,1 км су-кәріз желісіне және 0,7 км жылу желісіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аяқтаған.

Ал «Энергосистема» ЖШСбиылғы жылы жеке қаражат есебінен жалпы сомасы 857,0 млн теңгеге 385,9 км (295,3 км – күрделі жөндеу, 90,6 км – қайта жаңғырту) электр желілерін жөндеуді жоспарласа, оның ішінде 13,8 км желі (3,5%) жөнделген.

 «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты аясында «Ақтөбе ЖЭО» акционерлік қоғамы 2023-2027 жылдарға 4,9 миилиард теңгеге бекіткен инвестициялық бағдарламасын 22,5 миллиард теңгеге өзгертіп, қосымша іс-шаралар кешенін қосты. Жаңа инвестициялық бағдарламаға сәйкес, негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу, қайта жаңарту жұмыстарынан бөлек, жаңа 2 қазандық салу жобасы қарастырылды. Нәтижесінде жабдықтардың тозуын 2027 жылға қарай 41,5 пайыздан 36,2 пайызға азайту жоспарлануда. Ал «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы 2021-2025 жылдарға арналған құны 8,9 миллиард теңге тұратын инвестициялық бағдарламасын былтыр қайта қарастырылып, қосымша 4,1 миллиард теңгеге іс-шаралар қосты. Аталмыш шараларды жүзеге асыру арқылы желілердің тозуын жыл сайын 2 пайызға азайту көзделген, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Ал Ақтөбе өңірін жарықпен қамтып отырған «Энергосистема» ЖШС электр нысандары мен желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында іс-шаралар кешенін жалпы құны 17,0 млрд теңгеге дейін жеткізген. Сәйкесінше компания бұл қаржыға 2025 жылға дейін өңірде 66 қосалқы станса мен 473,5 км электр желілерін жөндейді. Жаңа бағдарлама аясында 116 қосалқы стансадағы жабдықтар жаңартылып, 1140,9 км электр желілері жөнделеді. Жалпы осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде аталған мекеме үш жыл ішінде электр желілеріндегі тозу көрсеткішін 6,2 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы