Ақтөбенің ауасын кім ластап отыр?

4 Қараша 2022, 19:49
1866
Бөлісу:
Ақтөбенің ауасын кім ластап отыр?
PHOTO

Ақтөбе облысында ауаны ластаған кәсіпорындарға 1,6 миллиард теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадиннің айтуынша, биыл департамент тарапынан өңірдегі кәсіпорындарға жетпістен астам тексеру шарасы жүргізілген. Соның нәтижесінде өндіріс орындарына заң бұзушылықтарды жою туралы 113 ұйғарым беріліп, 200-ден астам әкімшілік айыппұл салынған. 

Бүгінде облыста ауаны тау-кен, металлургия, химия және мұнай өндіру кәсіпорындары ластап отыр. Оның нақты айғағы биылғы жылдың алты айында ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 80 мың тоннаға жеткен. Былтыр бұл көрсеткіш 82,3 мың тонна болған. Қазір облыстағы басты мәселелердің бірі ауаны күкіртті сутегімен ластау болып отыр. Мұның басты себебі — өңірдегі кәріз тазарту жүйесі жұмыстарының тиімсіздігі.  Біз осы және басқа да экологиялық мәселелерді шешу үшін 2020-2024 жылдарға арналған жол картасын әзірледік. Осы картаға сәйкес Ақтөбе облысында 2025 жылға дейін кәріздік тазарту қондырғыларын қайта жаңарту жоспарланып отыр, — дейді ол.

Сонымен бүгінде Ақтөбе қаласының ауасын ластап отырған ірі кәсіпорындар қатарында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Ақтөбе ЖЭО» ЖШС-ы бар. Бұл кәсіпорындар ауаны ластайтын заттардың шығарындыларын төмендету мақсатында тиісті жұмыстар атқарып жатқан көрінеді.

Ақтөбенің ауасын кім ластап отыр?

 Мәселен, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ластаушы заттардың шығарындыларын жылына 2 мың тоннаға дейін төмендетсе, Ақтөбе хром қосындылары зауыты газ тазарту жүйелерін жаңғырту және ауыстыру есебінен натрий монохроматы өндірісіндегі шығарындыларды 19 пайызға дейін төмендету үшін жұмыстанып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста 2024 жылға дейін жалғасатын болады, — дейді ол.

Талап Ұснадиннің айтуынша, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геосервисі ұсынған мәліметтерге сүйенсек,  биыл Ақтөбе облысы аумағындағы 253 жер учаскесінен заңсыз қалдықтар анықталған.

Бұл заң бұзушылықтар аясында кінәлілер табылып, оларға әкімшілік шаралар қабылданыпты.

Сондай-ақ, заңсыз қалдықтар бойынша Ақтөбе қаласы мен Алға, Мәртөк, Хромтау аудандары әкімдерінің орынбасарлары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жалпы экология мәселесіне келсек, өңірде қозғайтын проблема көп. Түптеп келгенде, біз осы ластанған ауаны жұтып жатырмыз. Біздің департамент өз тарапынан алдын алу, түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр. Дегенмен бұл мәселені шешуге кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ бизнес және үкіметтік емес ұйым өкілдері, тіпті тұрғындар да атсалысуы керек. 

Қазір облыста халықтың пікірін және жаңа экологиялық проблемаларды ескере отырып, жаңа жол картасын әзірлеп жатырмыз,— дейді департамент басшысының орынбасары.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында Көкжиде бірегей ауыз су кен орнын сақтау мәселесі де өзекті болып тұр. Осыған байланысты қазір аталған жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын кезең-кезеңімен тоқтату кестесі әзірленіп жатыр. Бұл бағытта экология департаменті өңірдегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «КМК-Мұнай» акционерлік қоғамдары мен «Ада Ойл», «Қазақ Ойл», «Урихтау Оперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін тексеру жұмыстарын бастап кетті.

Өзгелердің жаңалығы