Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойына 12 аудан тарту жасайды

27 Мамыр 2019, 19:08
1906
Бөлісу:
Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойына 12 аудан тарту жасайды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысының орталығындағы Ә.Молдағұлова даңғылы бойында жаңа сквердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – Шалқар ауданының Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына тартуы, жаңа нысан шілде айында пайдалануға берілмек. 

Қала әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, қаланың тойына өңірдегі 12 ауданның тарту ететін арнайы жобалары бар. 

«Бұл аумақ Шалқар ауданына тиесілі. Ауданның кәсіпкерлері мен демеушілерінің қолдауымен бұл жерде сквер салынып жатыр. Оның жалпы аумағы – 13 мың шаршы метр. Мұнда тұрғындардың демалуына, балалардың ойнауына барлық жағдай жасалады. Сквер аумағына көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сол сияқты күзге дейін облыстың барлық ауданы өздеріне белгіленген аумақтарға көгалдандыру, қалпына келтіру және скверлер салу жұмыстарын жүргізеді», - деді Ілияс Сапарбекұлы. 

Жалпы, мерейтойға арналған шаралар 28 мамырда басталады. Ал аудандар тарту ететін жобалар тамыз айының аяғына дейін аяқталуы керек. Осы жерде айта кетерлігі, бүгінде қаланы көгалдандыру жұмыстарына тұрғындар мен еріктілер де атсалысып жатыр. Мәселен, жуырда құрылған «Актобе, дыши!» еріктілер қозғалысының жетекшісі Евгений Лазарчук бастаған топ саябақтар мен скверлердегі ағаштарды суару, күту жұмыстарына көмектерін беріп, халықтық бақылау ұйымдастыруда. 

«Алдағы уақытта біз осы қозғалыс жастарымен бірге көгалдандыру, арықтарды тазарту, оларға су толтыру, тағы басқа мәселелерді шешуде бірге жұмыс істейтін боламыз», - деді әкім. 

Ә.Молдағұлова даңғылындағы «Тайқазан» мейрамханасы аумағында салынып жатқан сквердің құрылысы 22 мамырда басталған. Жобалық-сметалық құны – 40 млн теңге. Мердігер ұйым – «Темірлан Назаров» жеке кәсіпкерлігі. 

Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Серікбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Алға ауданы «Мәңгілік алау» ескерткішінен Тургенев көшесіне дейінгі аумақта қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұғалжар ауданы Жеңіс даңғылындағы скверді қайта қалпына келтіру үшін дайындық жұмыстарын бастап кеткен. 

«Сондай-ақ алдағы уақытта Хромтау ауданы Әбілқайыр хан даңғылындағы сквер мен орталық саябақ аумағын қайта қалпына келтірсе, Әйтеке би, Ырғыз, Қарғалы, Байғанин, Ойыл, Темір, Мәртөк аудандары қала орталығындағы Есет батыр, Бөкенбай батыр, Сәңкібай батыр көшелері мен Әлия Молдағұлова даңғылындағы гүлзарларды, көшелерді көгалдандырып, абаттандырады. Ал Қобда ауданы Едіге батыр даңғылының бойына Едіге батырдың ескірткішін тұрғызады», - деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы