Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?

22 Наурыз 2024, 11:29
1186
Бөлісу:
Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?
PHOTO
Фото: Кейіпкер архивінен

Ақтөбе облысында ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды, ұлттық киімдеріміз бен тағамдарымызды насихаттап, ұлықтап жүрген азаматтар көп. Біз Наурыз мейрамында солардың бірқатарымен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ тарихында Наурыз қандай мереке болған?

Наурыз — уақыт жаңаратын, ел молшылық пен аққа қол жеткізіп, дастарқан басында бас қосатын ұлық мереке. Тарихқа көз жіберсек, бұл мереке сонау бес мың жылдан бері тойланып келе жатыр. Біздің елімізде бұл мереке 1988 жылдан бері жалпыхалықтық мереке ретінде атап өтіледі.

Философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі Үмбетқан Сәрсембиннің айтуынша, Наурыздың ұлттық мереке ретінде ерекшелігін айтпас бұрын, алдымен, мына мәселеге көңіл бөлген дұрыс: бірінші кезекте тәуелсіз мемлекет, ел, ұлт ретінде осы мерекенің мазмұнын, тарихымыздың, мәдениетіміздің философиясын қаншалықты зерттеп, терең түсініп жүрміз? Кез келген елдің, ұлттың төл мерекесі, алдымен, дүниетанымдық тәжірибелерден, дін мен дәстүрдің байланысынан, халықтың бірлігін негіздейтін дүниелерден құралады. Мұның халықтың өмір сүрудегі негізгі тәсілдерінен де анық көрініп отыратыны белгілі. Осы тұрғыдан қарасақ, Наурыз — бұл түркі тілдес халықтардың, қазақ халқының барлық құндылықтарының (дін мен дәстүр, атамекен, шаруашылық, тарих, өнер, тәрбие) басын біріктіріп отыратын төл мерекесі.

Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?

 Халықтың төл мерекесі, алдымен, оның игіліктерінің тұтастығымен ерекшеленетінін ескеру керек. Алаш зиялылары бұл мерекенің ұлттық мереке ретіндегі тарихи мәніне осы негізде көңіл бөлген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Наурыз мерекесін ұлт шежіресіндегі құнды дүниелердің бірі ретінде көрсеткен. Оның жазған еңбектерінде қазақ даласындағы тарихи жер атаулары, тау мен су, құмы қалың жерлер мен төбе атауларының шығу тарихы, аңыз әңгімелер қазақ тарихының әлемдік тарихтың құбылысына айналған дүниелермен байланысын көрсетеді. Әр халықтың ұлттық болмысы, өмір сүру жолы алдымен табиғат жағдайына байланысты. Қазақтың көшпелі тұрмыстағы мал шаруашылығын негізгі экономикалық күш ретінде қабылдауының себебі осында жатыр. Бұған, ең әуелі, атамекеннің климат жағдайы әсер еткен. Осы ұланғайыр даланы игеру, сақтап отыру үшін бұл тиімді әрі ең дұрыс әдіс болып саналды. Осы бағытта барлық тәжірибелердің, яғни ұлт игіліктерінің қалыптасып отырғанын байқауға болады. Қазақтың барлық өнері, атап айтсақ қол өнері, сөз өнері, күй өнері, шаруашылықты жүргізуі, батырлық өнері, ұлттық ойындар бір ғана нәрсе, яғни осы атамекенді қорғауға, оның байлығын дұрыс игеруге бағытталғаны көрініп тұр. Ұлттың жер байлығы табиғат барлық кезде де сақталып, ұрпақтың тарапынан қорғалып отыруы керек. Жерден қол үзсе басқасын орнына келтіру қиын. Әлихан Бөкейханов айтқандай, жер, шаруашылық, ұлттың болмысы бір-бірімен байланысты. Сондықтан да бұл мереке тарихтағы қазақтың рухани өмірінде ел, ауыл- аймақ, ел ішіндегі іс білетін, елге басшылық жасайтын адамдары бас болып өткізетін, өткен жылда атқарған, елге пайдалы болған істерді қорытындылайтын, алдағы уақытта атқарылатын істерді белгілейтін күн болған. Ол кездегі қазақтың жайлауы жүздеген шақырымға дейін кетеді. Сол себептен Наурыз мерекесін тойлауда ұлттық мүддеге қатысты ортақ мәселелер зерделенген. Бұл айдың қыстың қиындығынан аман-есен шыққан ел, әр адам, әр бала үшін де өзінің ойын, рухын сергітетін күнге айналғанын көруге болады. Қазақтың ойын баласы үйірден ұстаған тайды үйретіп, осы Наурыздағы ойынға дайындайды. Басқа да ұлттық ойын түрлері бар. Мұның барлығын ескере келіп түйіндейтін болсақ, төл мерекенің қоғамға берері аз болмағаны көрініп тұр, — дейді ол.

Үмбетқан Сәрсембин Наурыз мерекесін жыл басы, күн мен түннің теңелетін уақыты деп қарайтын болсақ, бұған ең әуелі дүниетанымдық негізде көңіл бөлген дұрыс екенін айтады. Көшедегі мерекелік шарадан бұрын әрбір шаңырақ бұған дұрыс әрі терең көңіл бөлуі керек. Тазалықты, жаңаруды өзімізден, әр отбасы өзімізден бастауымыз керек. Әр адам жаңаруды өзінің ішкі әлемінен бастағаны дұрыс.

Кеңес билігі тұсында ата-әжелеріміз мұны ұмытқан жоқ. Қарияларымыз бұған қатысты көп нәрсені ұрпақтарына айтып кетті. Осы мезгілде жасалатын жаңа күннің, жаңа жылдың рәсімін олар өздерінің шаңырақтарында жасап, балаларына үйретіп отырған, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттаумен болды. Кеңес билігі тұсында бұл мерекенің аталмау себебі, қазақтың кең заманындағы Наурыз тойын өткізетін байлардың ізін олар күштеп жойып жіберді. Қоғамды бай, кедей деп бөлу саясаты тарихымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың талғамына қайшы келді. Сол себептен бұл мереке қасақана назардан тыс қалып отырды. Оның үстіне қоғамның барлық саласына түрлі саясат жүргізілді. Ел аштыққа ұшырап, талай адам сталиндік қуғын-сүргін саясатының құрбанына айналғаннан кейін большевиктер қоғамға қажет адамдардың орны көрініп қалады деп сескенді. Ұлттың мүддесіне қатысты көп нәрсе осылайша ұмыт бола бастады. Бұл мерекеде қоғамды бөлуге болмайды. Керісінше халықты бірлікке шақыратын, қоғамына, бір-біріне қайырымды істер жасайтын күн болған. Әр адам сол елдің азаматы, баласы ретінде мерекенің жылуын сезінуі керек, — дейді Сәрсембин.

Оның айтуынша, Наурыз мерекесін тойлаудың да өз мәдениеті бар. Ең әуелі, қоғам Наурыздың қандай мереке екенін жетік білуі тиіс. Сонда ғана мерекені өткізу барысын жетілдіріп, реттеуге болады.

 Менің өзім бұл мерекені қазақтың бейбіт заманында, ұлт ісіне жауапты адамдары көп болған уақытта тойлаған төл мерекесі деп айтар едім. Әрине, мұның барлығы әлі де терең зерттелуі керек. Осы жаңа жыл айында халыққа, шаруашылыққа, өнерге қатысты нәрселер толығымен зерттелуі тиіс, қоғамға дұрыс жетуі керек. Әлі толығымен жетпей жатқан, түсінбей жүрген нәрселеріміз жоқ емес. Наурызнама ел болып өмір сүрудің жолын зерделеген, болашақта атқарылатын істердің тізбесін жасақтайтын айға айналуы тиіс. Адамның ерік-жігерін, өнерін ортаға салған, содан әр адам жақсы әсер алған күн болуы керек. Әрине, қазіргі уақыт басқа. Бірақ Наурызнама арнайы мәдени шараларды бірінен соң бірін тізбектеп өткізу үшін емес, ел, халық болып әр нәрсенің орнын, шамасын дұрыс зерделеп, танитын, бағамдайтын айға айналуы тиіс. Тарихтағы халықтың тәжірибесі негізге алынуы керек, — дейді философия ғылымдарының кандидаты.

Сұлу әженің наурызкөжесі

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны, сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана Сұлу Ахметова жыл сайын немере-шөберелеріне наурызкөже әзірлейді. Биыл Сұлу әже наурызкөжесін 14 наурыз — Көрісу күнінен бастап дайындаған.

Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?

Биыл ауылымыз Наурыз мерекесін тойлауды ерте бастап кетті. Көрісу күнінен бері қарай күн сайын үйге келген қонақтарға, балаларыма, немере-шөберелеріме наурызкөже әзірлеп келемін. Біз жақта ауылдың адамдары, әсіресе, үлкендер жағы бір-біріне барып, көрісіп, наурызкөжеден дәм татып, тілектерін арнайды. Ақсақалдар жастарға батасын беріп, жол көрсетеді. Менің осы ауылға келін болып түскеніме 60 жылдан асты. Содан бері отбасында балаларыма наурызкөже әзірлеп келемін. Жұбайым 2006 жылы дүниеден өтті. Оған дейін 45 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Екеуміз бес бала тәрбиелеп өсірдік. Солардан қазір 15 шақты немере, 5-6 шөбере сүйіп отырмын, — дейді Сұлу әже.

Кейуана 19 наурызда сексен жасқа толған. Ұрпақтары жиналып, әжеге жүрекжарды лебіздерін арнапты. Бүгінде кейіпкеріміз кенже ұлы Бауыржан мен келіні Ғайшаның қолында тұрады.

Той-томалаққа көп шыға бермеймін, себебі аяғым ауырады. Дегенмен үйде бос отырмай, тігін тігемін, ұлттық тағамдар пісіремін. Бұрын құрақ көрпе, кәжекей тігетінмін, қазір оның барлығына күшім жетпейді. Наурыз мерекесінде жыл сайын өз қолыммен наурызкөже әзірлеп, ет пісіремін. Жазда жасаған құрт-ірімшігімді дастарқанға қоямын. Үйге келген жас-кәрі менің жасаған дәмдерімді сүйсініп жейді, — дейді кейуана.

Сұлу әже наурызкөже пісіруде арнайы бір мәзірге сүйенбейтінін айтады. Ол көжеге жеті түрлі тағам қосып, дайындайды екен. Атап айтсақ, әуелі қазанға су құйып, сүр етті салып қайнатады. Ет піскен соң бидай немесе інжу арпа салады. Мұны бір қайнатып алған соң, өрік-мейіз, қалампыр, домалақ бұрыш қосады. Үстіне сүт құйып, кейін жайма нан салып, қайнатады. Көже дайын болған соң, ет пен жайма нанды табаққа түсіріп алады. Келген қонаққа ас тартып, сұйық көжені кесеге құйып ұсынады.

Көжеге салынатын тары мен бидай, арпа молшылықтың белгісі болса, өрік-мейіз тату-тәтті өмір сүрейік деген ниетте қосылады. Ал қалампыр мен бұрыш көжеге ерекше дәм береді, адамның бойындағы суықты алады. Ет пен жайма нан кез келген қонақты тойдырады. Міне, менің наурызкөжемнің «рецептісі» осы, — дейді Сұлу әже.

Қазанжаппай — Ырғыздың «бренді»

Ырғыз — Ақтөбе облысындағы облыс орталығынан шалғай жатқан аудан. Табиғаты ерекше, халқы қонақжай, тарихы терең бұл ауданда жыл сайын Наурыз мерекесінде жасы үлкен аналар мен әжелер наурызкөже мен қазанжаппай пісіреді. Облыста тек осы өлкеде кеңінен танылған қазанжаппай тағамы — көпшіліктің сүйіп жейтін дәмі.

Осы аудандағы Қалыбай ауылында тұратын көп балалы ана Күлән Әбділдина — ел арасында ұлттық тағамдарды насихаттап жүргендердің бірі. «Алтын алқа» иегері облыс, аудан көлемінде өткен ұлттық тағамдар көрмесіне жыл сайын қатысады. Ол балқаймақ, қазанжаппай, бұжы, үлпіршек, қарын бүрме, ұлтабар сынды бүгінде аты бар болғанымен, заты ұмытылып бара жатқан ұлттық тағам түрлерін әзірлейді. Қолы шебер, ас пісіруде ерінбейтін кейіпкеріміз бізге қазанжаппайды қалай әзірлейтінін айтып берді.

Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?

Бұл тағамды сонау 1967 жылы келін боп түскеннен кейін маған енем үйретті. Содан бері жаз-көктем осы тағамды әзірлеп келемін. Балаларым да, көршілерім де сүйсініп жейді. Қазанжаппайды пісіру үшін, ең алдымен, қамыр ашытамын. Оған ұн, су, тұз, ашытқы және аздап шекер қосамын. Ашыған қамырды басып қоямын да, ошаққа тезек салып, от жағамын. Тезектің шоғына қазанды қыздырып алып, оған тұзды су себемін. Сосын үстіне қамырды асықпай жапсырып шығамын. Қазанжаппай піскен соң бетіне қаймақ жағып, бөлек ыдысқа бетін жауып қоямын. Айта кету керек, қазанжаппай пісіретін қазанға тамақ әзірлеуге болмайды. Мен осы тағам үшін арнайы қазан сатып алып қойдым, — дейді Күлән апа.

«Ас атасы — нан» демекші, бұл тағамның ерекше екенін айта кеткен жөн. Ырғыз өңірінде дәмі тіл үйірер, тойымды әрі пайдалы тағамды жас та, кәрі де сүйсініп жейді. Бұл ауданның халқы қазанжаппайды қонаққа ұлттық тағам ретінде ғана емес, осы өлкенің «бренді» ретінде де ұсынады.

Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?

Көп жылдан бері ауданда өтетін шараларға осы тағамды әзірлеп апарамын. Қыста бұл тағамды әзірлеу қиындау. Себебі күн суықта далаға от жақпаймыз. Үйде пісіру мүмкін емес. Күн жылынған соң ошаққа тезек жағып, соның шоғына пісірсең, сонда бұл тағам дәмді болып піседі. Өкінішке қарай, қыс айларында әлі күнге дейін ауылымызда қи, көмір жағып отырмыз. Елді мекенге көгілдір отын келмеді. Екі-үш жылда келеді деген қуанышты хабар естідік. Оған да шүкір дейміз. Ауылымызда небәрі 45 түтін бар. Мектеп, балабақша жұмыс істейді. Қазір қоғамдық жұмыс ретінде «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Қалыбай ауылдық филиалын басқарып отырмын. Мұндағы аналар ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ұлттық киімдер мен тағамдарымызды жастарға насихаттап келеміз. Егер біз үйретпесек, жас келіндер ұлттық тағамдарды қайдан білсін? Кез келген отбасында әйел-ана келініне, қызына халқымыздың ұлттық тағамдарын әзірлеуді үйретуі тиіс. Міне, ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы деген — осы, — дейді кейіпкеріміз.

Айта кету керек, Күлән апа жуырда Халықаралық әйелдер күнінде кеудесіне «Аяулы ана» орденін тағыпты. 2022 жылы «Ырғыз ауданының жыл адамы-2022» атағын алған.

Бүгінде 8 баладан немере-шебере сүйіп отырған ақ жаулықты ана биылғы Наурыз мерекесінде өз ауылындағы мерекелік шараға атсалысып, бірнеше ұлттық тағамның түрін әзірлейтінін айтады.

Қашан да жүрегі мейірімге толы, қолы ашық, жүрген жері шуақты кейіпкеріміз жаңа жылда барша қазақ еліне амандық пен молшылық тілейді.

Ұлттық киім ісмері

Тігіншілік те үлкен өнер. Оның ішінде қазақтың ұлттық киімін тігудің жөні бір басқа. Ұлттық құндылықтарымызды қарапайым халыққа жеткізіп, ата-баба дәстүрін жаңғыртып келе жатқан нәзік жандылардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Роза Бисекенова.

Ол он жылдан бері осы салада еңбек етіп, еліміздің өзге өңірлеріне, сондай-ақ шет елдерге ұлттық киімдерімізді насихаттап жүр.

Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?

 Тігіншілік — кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Мен тігіншілікті кішкентай кезімде анамнан үйрендім. Бұрын атам да етік тігіп, ағаш ұстасы болған екен. Содан болар, қазір тігіншілікпен қатар етік те тігемін, ағаштан да бұйымдар жасаймын. Жалпы, өзім 8-сыныптан бері тігін тігіп бастадым. Менің тігіншілікке деген икемімді аңғарып, ата-анам мені дизайнер мамандығына оқытты. Міне, он жылдан бері жеке кәсіп ашып, осы салада абыройлы жұмыс жасап келемін. Бүгінде түрлі ұлттық киімдер, заманауи үлгідегі көйлектер тігеміз. 2-3 айдан бері қазақы ою салған ерекше дастарқан тігіп жатырмыз. Бұл дастарқандар дөңгелек үстелге арналған. Дизайны ерекше, қазақы нақыштары бар. Қарасаң, көзің жауын алады, — дейді Роза.

Ұлттық киім тігуді жолға қойған кәсіпкер бүгінде тігін шеберханасында күндіз-түні тынымсыз жұмыс істейді. Оның қарамағында онға жуық адам бар.

Роза Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмыс жасайтынын айтады. Мұнда қыз-келіншектерді оқытып, үйретеді, тәжірибелі, икемді жастарды өз шеберханасына жұмысқа қабылдайды. Ол қажетті заттарды, маталарды Алматы қаласынан алдыртады екен.

Ақтөбеліктер ұлттық құндылықтарды қалай ұлықтап жүр?

Біздің шеберханамызда тігілген ұлттық киімдердің бағасы өзгелерге қарағанда едәуір арзан. Мәселен, қыз ұзату тойына киетін қалыңдықтың көйлегі 250-300 мың теңге тұрады. Ал басқа шеберханаларда оларды 350-400 мың теңгеге сатады. Жалпы мен қандай киім болса да қазақтың ою-өрнегін салғанды, оларды түрлі моншақтармен безендіргенді жақсы көремін. Өз тәжірибемде көптеген конкурстарға, көрмелерге қатысып, зор жетістіктерге қол жеткіздім. Ең алғаш рет 2015 жылы Ақтөбе қаласындағы «Руханият» музейінде көрмемді ұйымдастырдым. Ол жерде үш бағытта жұмыстарымды көрсеттім. Осы жылдар ішінде Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Қызылорда, Ташкент қалаларында өзім тіккен ұлттық киімдерім мен кимешектерімді көпшілікке ұсындым. Соның арқасында «Халықаралық деңгейдегі дизайнер» атағын алдым. Былтыр Италия елінің Милан қаласында өткен сән апталығына қатыстым. Оған мақпал матадан тігілген заманауи үлгідегі қазақы нақыштағы ұлттық киімдерімізді апардық, — дейді Роза.

Қазір Роза бастаған ұжым етіктерге ою салуды қолға алып жатыр. Олардың мұндай ерекше бастамасына қолдау танытып, тапсырыс беріп жатқандар көп. Демек, ұлттық нақыштағы аяқ киімдерге де сұраныс жоғары. Сондай-ақ Розаның шеберханасы сахналық киімдер мен етіктерге де тапсырыс қабылдайды.

Осыған дейін біз Айгүл Иманбаева, Калифорния сияқты белгілі әншілерге, сондай-ақ бірқатар жергілікті өнер иелеріне сахналық киімдер тіктік. Олардың барлығында өзіміздің қазақы болмысымызды көрсетуге тырыстық. Жалпы, қазақы болмыс ұлттық киімнен көрінеді. Сондықтан ұлттық нышандар киімдерімізде болуы керек, — дейді шебер.

Бүгінде Роза Бисекенова бар білгенін өз балаларына үйретіп жүр. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз болашақта кәсібін ұрпақтары жалғастырғанын жөн көреді. Биыл да ол өз қолынан шыққан ерекше үлгідегі ұлттық киімдерін Наурыз мерекесінде ақтөбеліктерге ұсынып отыр.

Өзгелердің жаңалығы