Ақтөбеліктер емханалардың үстінен 475 шағым түсірді

19 Қыркүйек 2024, 18:02
297
Бөлісу:
Ақтөбеліктер емханалардың үстінен 475 шағым түсірді
Фото: автордан

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында тұрғындар тарапынан медициналық көмек көрсетуге қатысты 475 шағым түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Рузия Айдашева айтып берді.

Медициналық қызметтерге қатысты биылғы жылдың 8 айында тұрғындардан 475 арыз түсті. Атап айтсақ, №4 қалалық емханаға қатысты – 40, №1 қалалық емханаға қатысты – 37, №2 қалалық емханаға қатысты – 33, №3 қалалық емханаға қатысты – 30, Қарғалы қалалық ауруханасына қатысты 26 шағым түскен. Шағымдардың 38,3 пайызы (182) медициналық көмек көрсетуден бас тарту дерегі болса, 24,8 пайызы (118) медициналық көмек сапасының төмендігіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ 61 шағым (12,8%) дәрілік заттармен қамтамасыз етуден бас тартуға қатысты болса, 12 арыз — медициналық көмекті ұзақ уақыт күту дерегі. Бұдан бөлек, емхана мамандары тарапынан этикалық және деонтологиялық нормаларды сақтамау бойынша 4 тұрғыннан арыз-шағым түсті, — дейді Р.Айдашева.

Оның айтуынша, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Ақтөбе облысында сақтандырылған азаматтардың үлесі — 86,1 пайыз. Сондай-ақ өңірде бүгінде 171 денсаулық сақтау нысаны медициналық көмек көрсетеді. Оның 41-і мемлекеттік ұйым болса, 130-ы — жеке меншік мекеме. Ал «Бірлесіп орындаушы» мәртебесі бар субъектілер саны — 152.

Биылға арналған медициналық көмекті сатып алу қорытындысы бойынша медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызметтер Ақтөбе облысының 93 денсаулық сақтау нысанында жүзеге асырылуда. Оның 38-і — мемлекеттік, 55-і — жеке меншік ұйым, — дейді Р.Айдашева.

Өзгелердің жаңалығы