Ақтөбеліктер екі күннен бері барар жеріне жете алмай отыр

15 Ақпан 2023, 14:55
1245
Бөлісу:
Ақтөбеліктер екі күннен бері барар жеріне жете алмай отыр
Фото: автордан

Ақтөбеліктер автобустардың жұмысқа шықпауынан екі күн қатарынан баратын жерлеріне жете алмай, біраз әбігерге түсті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жағдай кеше түстен кейін басталған. Ақтөбе қаласының тұрғыны Ажар Сағынбаева облыс орталығы ішінде қатынайтын №26 автобусты бір сағаттан астам күткен. Баратын жеріне кешігіп, таксимен жеткен. 

Бұрын бұл маршруттың жиілігі 15-20 минут болса, бұл жолы бір сағат күттік. «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты бірқатар автобустар жұмысқа шықпағанын естідік. Түстен кейін №1, 3, 15, 16, 26, 24 автобустар мүлдем жұмысқа шыққан жоқ. Халық баратын жеріне кешігіп, такси ұстап, әбігерге түсті. Не болғанын ешкім айтып, түсіндіріп жатқан жоқ, — дейді ол.

Белгілі болғандай, кеше түстен кейін «Автобпарк» ЖШС-ның бір топ жүргізушісі компания басшылығының маршруттар арасындағы тәртіпсіздікке байланысты берген ескертулеріне қатысты өз наразылықтарын білдірген. Серіктестік басшылығының айтуынша, жүргізушілер жолақы арқылы компанияға түсетін қаржыны жымқырған, өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқармаған. 

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақытгелдінің айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта компания тарапынан толық шешіледі. Ал әзірге аталған бағыттағы жолаушылар тасымалымен басқа компаниялар айналысып жатыр.

«Автопарк» компаниясының 130-ға жуық автобусы қала бойынша 26 маршрут бойынша жолаушылар тасымалдайды. Қазір аталған жағдайға байланысты 11 маршрут қызмет көрсетпейді. Серіктестік өз жүргізушілерімен түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр. Ал әзірге аталған 11 бағыттағы автобустардың орнына басқа компаниялардың автобустары шығуда, — дейді ол. 

Қала әкімдігінің деректеріне сүйенсек, қазір «Автопарк» ЖШС қызмет көрсететін №21 автобустың орнына №51 бағыттағы автобустар қатынап жатыр. Ал халық көп мінетін №26 бағыттың автобусы бүгін-ертең өз «жұмысына» қайта қосылады. Әзірге бұл бағыттағы автобуспен жүретін жүргіншілерге параллель жүретін №8, №24, №15, №48 автобустарға міну ұсынылуда.

Қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшасына тұрғындар өз наразылықтарын жазып, пікір білдіріп жатыр. Олардың бірқатары «Автопарк» ЖШС-ның қызметіне көңілі толмайтындарын жеткізсе, енді бір тобы тендер ұтып алған компаниялар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарамайтынын жазуда. Ақтөбеліктер бұл мәселеге қатысты «Автопаркте» былық бастан асады, қарамайды», «Не жағдай болды, адамдар барар жеріне қалай жетеді?», «Барлық маршруттың уақытын кешкі сағат 21.00-ге дейін созса екен, кешкі сағат 18.30-дан кейін автобустар адам алмайды», «№11 маршрут бағытына тағы автобустар шығарыңыздар. Жұмыстан шыққан соң үйге қайта алмай далада тұрамыз», т.б. түрлі пікірлер мен ұсыныстар жазып жатыр.

Аталған жайтқа қатысты қала әкімдігі «Автопарк» ЖШС-на әкімшілік шара қолданатынын жеткізді. Алайда бұл қоғамдық көлік қызметінің жұмысын реттеуге әсер ете, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Өзгелердің жаңалығы