Өрт сөндіруші — қиын мамандықтардың бірі. Бұл салада жұмыс істеу үшін батылдық пен қайсарлық керек. Себебі тілсіз жау салғырттық пен әлсіздікті кешірмейді. Ақтөбе облысында тұратын Жетібаевтар әулетінде үш буын азаматтық қорғаныс саласын таңдаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің кейіпкеріміз Дана Жетібаева 19 жылдан бері азаматтық қорғаныс саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы болып бастаған ол бүгінде Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінде кадрлық және тәрбие жұмыстары басқармасының бас маманы болып қызмет атқарады.
Оның негізгі міндеті — қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, қоғамдық және мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру.
Мен Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін тәмамдаған соң осы салаға жұмысқа орналастым. 2005-2015 жылдар аралығында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде және күштер мен құралдарды жедел басқару орталығында радиотелефоншы болып жұмыс істедім. Бұл жерде 101, 112 желілеріне түскен қоңырауларға жауап беріп, өрт сөндірушілердің адамдарды тілсіз жаудан құтқаруына өз үлесімді қостым. Тұрғындардан түскен түрлі шағымдарды департамент мамандарына жеткізіп отырмын. Мұндағы басты міндетім тіркелген өрт оқиғаларын бақылап, адамдардың өрттен құтқарылуына атсалысу болды. Одан кейін 2015 жылы офицер лауазымына тағайындалып, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне ауыстым. Міне, қазір осы жерде 9 жылдан бері еңбек етіп келемін, - дейді кейіпкеріміз.
Дана Жетібаева кішкентай кезінен радиотелефоншы және өрт сөндіруші болуды армандағанын айтады. Оның бұл саланы таңдауына отбасында әкесінің берген ақыл-кеңесі, көпке үлгі болған еңбек жолындағы жетістіктері әсер еткен. Әкесі Бауыржан Жетібаев 1980-2005 жылдары осы салада үздіксіз еңбек еткен.
Біз бала кезімізде өрт сөндіру бөлімінің жанында тұрдық. Әкеміз сол өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып жұмыс істеді. Содан бала кезімнен осы салаға деген қызығушылық пайда болды. Мектеп қабырғасында жүргенде өрт сөндіру көліктеріне, құтқарушылардың формасына қатты қызығатын едім. Бір сөзбен айтқанда, өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі, жұмысындағы қиындықтар маған бала кезден таныс. Ол кезде әкем мені үнемі мерекелік іс-шараларға ертіп апаратын. Сол кезде радиотелефоншылардың жұмысына ерекше қызығып қарайтынмын. Міне, сол көрген-түйгенімді бүгінде іс жүзінде жүзеге асырып, осы салада абыройлы еңбек етіп келемін. Жалпы, мен өз арманыма қол жеткізген адаммын. Сол үшін ата-анама шексіз ризамын. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Әкемнің еңбек жолынан алған үлгім — маған өмірлік азық. 25 жыл бойы азаматтық қорғаныс саласында үздіксіз еңбек еткен әкемнің қол жеткізген жетістіктері — мен үшін зор үлгі-өнеге. Бір қызығы, әкем әлі күнге дейін осы салада еңбек етіп келеді. Өрт сөндіру бөлімінен абыроймен зейнеткерлікке шыққанымен, қазір қаладағы жеке меншік өрт сөндіру мекемесінде жұмыс істейді, — дейді Дана Жетібаева.
Оның айтуынша, әкесі Бауыржан Жетібаев кеңес заманы кезінде Ақтөбе қаласындағы №54, №55 өрт сөндіру бөлімдерінде еңбек еткен. Кейін №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеп, 2005 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ал атасы Қабанбай Жетібаев Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1942-1945 жылдары 4-Украина майданында кіші сержант, командир болған. Севастополь қаласын қорғауға қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Біз отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелендік. Әкеміз Бауыржан азаматтық қорғаныс саласында еңбек етсе, анамыз Валентина 45 жыл ғұмырын медицина саласына арнады. Екеуі 42 жыл бірге тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінде немерелерінің қызығын көріп, ата-әже атанып отыр. Әке-шешеміздің берген тәлім-тәрбиесі болса керек, осы күнге дейін өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқарып, адамдардың өміріне арашашы болып келеміз. Бүгінде менің де екі ұлым нағашы аталарының жолын қуып осы салаға бет бұруда. Үлкен ұлым Тамирлан қазіргі таңда №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Ол бұл салаға 2021 жылы келді. Басында жедел құтқару жасағында құтқарушы болды. Ал екінші ұлым жоғары оқу орнында оқиды. Оның да оқып жатқан мамандығы азаматтық қорғаныс саласына қатысты. Ол оқуын келер жылы тәмамдайды. Оның да арманы өрт сөндіруші болу, — дейді кейіпкеріміз.
Әке жолын жалғастырып, облыстың азаматтық қорғаныс саласына өзіндік үлес қосып жүрген Дана Жетібаева — бүгінде өз шаңырағында салт-дәстүрлерді берік ұстанған, екі ұлына өнеге көрсетіп отырған ардақты жан. Оның еңбекте қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Мәселен, ол осы күнге дейін ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін» медалімен марапатталған.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығынан, облыс әкімінен түрлі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын алған.
Кейіпкеріміз әңгіме арасында жұмыстан тыс уақытта кітап оқығанды ұнататынын жеткізді. Жалпы, Жетібаевтар әулеті отбасымен көркем әдебиеттерді көп оқиды екен. Оған дәлел — олардың үйіндегі шағын кітапхана. Міне, әке ұлағаты, ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар!