Ақтөбе облысында үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Облыста бүгінде 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Олардың 59,4 пайызы әйелдер болса, 40,6 пайызы — ер-азаматтар. Олардың орташа жасы 39 болса, мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 11 жыл. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында қызметте жүрген мемлекеттік қызметшілердің 18-і ҚР Мемлекеттік басқару академиясының түлегі болса, 4 қызметші — «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Бүгін Ақтөбе қаласындағы Мәдениет үйінде үздік қызметшілерді марапаттау шарасы өтті. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жиналғандарды Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мемлекеттік қызметші болу — халық пен мемлекет арасындағы «алтын көпір» болу деген сөз. Мемлекеттік қызметтің миссиясы сол — халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Қызметші алдымен кәсіби білімді, жауапкершілігі мол маман болуы керек. Сіздердің бойларыңызда сондай-ақ қарапайымдылық, әділдік, адалдық, еңбекқорлық сияқты ізгі қасиеттер болуы керек. Мемлекеттік құызмет саласындағы реформалар жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биылдан бастап мемлекеттік қызметке орналасудағы артық кедергілер жойылып, осы қызметке кіру және одан шығу тәртібі өзгерді. Атап айтсақ, ендігі жерде мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын тәмамдаған үздік түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігі беріліп отыр. Сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жоғары үлгерім көрсеткен түлектер өңірдегі жергілікті органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалатын болды, — деді облыс әкімі.
Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі Ералы Тоғжанов мемлекеттік қызметте өз міндетін үлгілі атқарған және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген 20-дан астам мемлекеттік қызметшіге арнайы Алғыс хаттар табыс етті.
Сондай-ақ салтанатты шарада 70-тен астам мемлекеттік қызметшіні ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Талант Медет марапаттады.
Мемлекеттік қызметшінің біліктілігі мен кәсіпқойлығына сенім артқан азаматтарға қызмет етуден асқан құрметті мамандық жоқ. Халық бізден адамгершілікті, патриоттылық сезімді, заңды бұлжытпай сақтауды күтеді. Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы — мемлекеттік қызметші. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – біз үшін мәртебелі міндет, — деген ол барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады.
Шарада марапатталғандар қатарында «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін алған Ақтөбе облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құпияларды және ақпараттық қауіпсіздік қорғау бөлімінің басшысы Жұмагүл Қазыбекова, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін алған Ақтөбе облысының еңбек инспекция жөніндегі басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалин, Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің басшысы Айша Меңдіғарина, Ақтөбе қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Валенина Мамбетова, сондай-ақ Ақтөбе облыстық қаржы, денсаулық сақтау, ветеринария, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мемлекеттік сатып алулар, кәсіпкерлік басқармалары мен Мәртөк, Алға, Хромтау, Ойыл, Темір ауданы әкімдіктерінің мамандары бар.
Шара соңында мемлекеттік қызметте еңбек ете жүріп, отбасында көп бала тәрбиелеп отырған, сондай-ақ ағайын-туыстарының балаларын бауырына басып, оларға қамқорлық танытқан бір топ қызметші марапатталды.