Ақтөбелік шаруа: Табанды еңбектің арқасында көп жетістікке жеттім

27 Қаңтар 2025, 13:27
254
Бөлісу:
Ақтөбелік шаруа: Табанды еңбектің арқасында көп жетістікке жеттім
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында қой шаруашылығын дамытып отырған жалғыз шаруа қожалығы — «Алтын-Әсел» ЖШС. Серіктестік басшысы Хамит Өтеуұлы бүгінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, туған ауылын түлетіп, ауылдастарына ерекше қамқорлық көрсетіп келеді. BAQ.KZ тілшісі Ақтөбе облысының құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Хамит Өтеуұлымен сұхбаттасты.

— Хамит Өтеуұлы, Сіздің облыс орталығынан шалғай жатқан Ырғыз ауданында көп жылдан бері қой шаруашылығын дамытып келе жатқаныңызды жақсы білеміз. Бұрын Шопан ата төлінің саны көп еді, қазір қожалықта қанша қой бар? Қойдан бөлек, ірі қара, жылқы малы бар ма?

Бұрын шаруашылығымызда мыңдаған бас қой болды, қазір содан төрт отар ғана қой қалды. Ол дегеніміз — шамамен 2500-ге жуық қой. Одан бөлек, қожалықта 600-дей жылқы, 70-80 бас ірі қара бар. 

Менің қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді қойын өсіріп, ауданда қой шаруашылығын дамытқаныма көп жыл болды. Өкінішке қарай, қазір қой шаруашылығын дамытуда қиындықтар көп, сондықтан мал санын азайтып жатырмын. 

Біріншіден, ауылда малшы, механизатор тапшы. Себебі қазіргі жастар бейнеттеніп, мал бағудан қашады. Жалпы, соңғы кезде ауылда жастар азайып барады. Оған себеп — тұрақты жұмыстың жоқтығы, сондай-ақ елді мекендерде жастардың қызығушылығын оятатын іс-шаралар ұйымдастырылмайды.

Екінші мәселе — қой еті бағасының арзандауы. Қазір базарға барсаңыз, бәрі қымбат. Алайда қой еті қымбаттаған жоқ. Еттің бағасы біздің шығындарымызды жаппайды.

Үшінші мәселе — қойдың жүні. Жыл сайын біз жүн қырқу науқанында жүнді аулаға жинап қоямыз. Бұған дейін алыпсатарлар жүннің келісін 25-30 теңгеден алып кететін. Ал қазір оған сұраныс жоқ, жүнді ешкім өндірмейді, сондықтан қой жүнін далаға тастауға мәжбүрміз. 

Өткен жылдары облыс орталығында экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт ашылады деп соған қой жүнін апарған болатынбыз. Алайда бір келісін небәрі 5 теңгеге алды. Ал біз үшін облыс орталығына бару үшін көп қаражат керек, яғни жүннің бағасы өте арзан, шығынымызды өтемейді.

Ақтөбелік шаруа: Табанды еңбектің арқасында көп жетістікке жеттім

— Қазір шаруашылықта неше адам жұмыс істейді? Биыл қыс айларына қанша тонна мал азығын дайындадыңыздар?

— Бүгінде шаруашылықта 20 жұмысшымыз бар. Барлығы — жергілікті ауыл тұрғындары. Біз тұрып жатқан аумақ Құмтоғай мен Қарасай ауылдарына жақын орналасқан. Сондықтан осы екі ауылдың тұрғындарын жұмысқа аламыз. Былтыр күзде механизаторлар мен жұмысшылар жақсы еңбек етті. 

Қысқы мал азығын ерте жинап алдық. Жылдағыдай 2 мың тоннадан астам шөп алдық. Шаруашылығымызда шөп шабуға қажетті барлық техника жасақталған. 

Атап айтсақ, 8 трактор, шалғы, тырма, шөпбуғыш, шөпкөтергіш және тіркеме бар. Тек өкініштісі, жылдан-жылға жанармайдың бағасы қымбаттап барады. Сондай-ақ механизаторлар тапшы.

Жалпы, менің ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқаныма 55 жыл болды. Біз екі заманды да көрдік. Қазір еңбек еткен адамға мүмкіндік мол. Тек бейнеттен қашпай, тырмысып, еңбектенсең болғаны. Бүгінде қаржың болса, техника сатып алу да қиын емес. 

Қазір ауылдағы шаруашылықтардың көбі жаңа техника алып жатыр. Соның арқасында жыл сайын шаруалар қысқы мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындап алады. Кейбіреулер артығып дайындап, қарапайым ауыл тұрғындарына сатады. Ол да табыстың көзі. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары Ырғыз ауданында судан проблема жоқ. 

Былтыр аудан аумағын су басып, бірнеше ауыл суға кетті. Бір қызығы, былтыр тасқын кезінде бұрын тартылып қалған көлдер суға толды. Сондықтан қазір ауылда малға беретін су мәселесі шешілді. 

Сондай-ақ шөптің шығыны да жаман емес. Қазір қыс айы болса да ауа райы жылы, дегенмен ылғал көп. Содан болар, қазір -10, -15 градус аяз болса, далада жүру мүмкін емес. Бұрын мал баққанда -30, -35 градусқа тоңбайтын едік.

Биыл ауылымызға қар көп жаумады, қалыңдығы тек тобықтан асады. Жалпы, ауылдағы тұрмыс-тіршілік — осы.

— Қазір Қарасай мен Құмтоғай ауылдарында газ бар ма?

— Өкінішке қарай, Ырғыз ауданына қарасты бұл екі ауылға көгілдір отын әлі келмеді. Халық осы жаңалықты бірнеше жылдан бері күтіп келеді. Газ құбыры тартылмаған соң халықтың көбі қалаға көшіп жатыр. 

Мысалы, қазір Қарасай ауылында отыз шақты, ал Құмтоғай елді мекенінде 90-ға жуық үй ғана қалды. Жылдан-жылға тұрғындар саны азайып барады. Қазір Құмтоғайда 22-23 үй бос тұр, оны ешкім сатып алмайды.

Биыл бір қуаныштысы, осы ауылда жаңа мектеп бой көтерді. Айта кету керек, кеңес заманы тұсында Құмтоғай ауылынан алты бірдей Социалистік Еңбері Ері шыққан. 

Тарихы терең, халқы қонақжай бұл өлке — менің туған мекенім. Ал туған жерім — Қарасайда қазір тоғыз жылдық мектеп бар. Қазір онда отыз шақты ғана бала оқиды. Мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұр. Қазір ауыл тұрғындары тек мал үшін отыр, бәрінің облыс орталығында үйлері бар.

Ақтөбелік шаруа: Табанды еңбектің арқасында көп жетістікке жеттім

— Ауыл демекші, Сіздің осы екі ауылыңызға қосқан үлесіңіз мол. 2022 жылы осы үлесіңіз, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы еңбегіңіз үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Отан» орденін алдыңыз. Оған дейін де «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталдыңыз. Мұның бәрі — сіздің табанды еңбегіңіз бен елге, туған жерге деген қамқорлығыңыздың көрінісі. Осы орайда екі елді мекенге салып берген әлеуметтік нысандарыңыз жөнінде айта кетсеңіз.

— Менің ойымша, кез келген адам туған жеріне қамқорлықпен, жанашырлықпен қарауы керек. Сол жердің перзенті болған соң игілікті істер жасағаны абзал. Осы орайда мен де екі ауылымды түлетуге өз үлесімді қостым. Мақтанғаным емес, өз қаржыма халық игілігіне бірнеше нысан салып бердім. 

Атап айтсам, осыдан он шақты жыл бұрын 7 миллион теңгеге Құмтоғай ауылында үлкен стадион құрылысы жүргізілді. Қазір бұл стадион — ауылдағы денешынықтыру мен спортты дамытуға соны серпін беріп отырған нысан. Сол жерде балалар жаттығады, футбол ойнайды, жүгіреді.

Екінші нысан — былтыр Қарасай ауылында ашылған медициналық пункт. Оны салуға 15 миллион теңге қаржы жұмсалды. Қазір ауыл тұрғындары осы пунктке қаралып, дәрігерден көмек алуда.

Бұдан бөлек, осы ауылда демалыс саябағын салдық. Оның құны — 9 миллион теңге. Саябаққа түрлі ағаш көшеттерін егіп, орындықтар мен жарық шамдарын орнаттық. 

Сондай-ақ былтыр жүзеге асырылған жобалардың бірі «Қарасай» қорымын қоршау болды. Бұл қорым — сонау 1953 жылдан бері келе жатқан, жан-жағы қоршалмаған қорым. Бұл қорымның ерекшелігі — мұнда бес Социалистік Еңбек Ері жатыр. Олардың қатарында Сағымбай Көкімбаев, Қызтуған Шегебаев, Оразбай Жұмабаев, Алмат Ырысбаев, сондай-ақ менің әкем — Өтеу Құдайбергенов бар. Бұл азаматтар кеңес заманы тұсында осы ауылдың дамуына атсалысып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан. Барлығы осы қорымға жерленген. Міне, біз атқарған жұмыстар — осы. 

Алдағы уақытта да осындай ел игілігі жолында жақсы жобаларды жүзеге асырамыз деп сенемін. Мұның бәрі — табанды еңбек пен маңдай тердің арқасы. Бүгінгідей жетістікке бейнет пен еңбектің арқасында жеттім. Осы орайда отбасыма, балаларыма, зайыбыма, сондай-ақ жанашыр азаматтарға ризашылығымды білдіремін.

Ақтөбелік шаруа: Табанды еңбектің арқасында көп жетістікке жеттім

— Кәсіпкер ретінде Сіз Ақтөбе облысында жүзеге асырылған «Ауыл аманаты» бағдарламасына да қатыстыңыз. Бірнеше тұрғынға тауарлық несие бердіңіз. Сол жөнінде қысқаша айтып бересіз бе?

Өздеріңізге белгілі, осыдан 2-3 жыл бұрын облысымызда ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылды. Осы жобаның арқасында ауыл-аймақтағы азаматтар жеке кәсібін ашып, бүгінде сол кәсіптерін дөңгелетіп отыр. 

Аталған бағдарлама аясында елімізде алғаш рет тауарлық несие беру механизмі енгізілді. Міне, осы тауарлық несие бойынша мен де кәсіпкер ретінде Ырғыз ауданы Шеңбертал ауылының бірнеше тұрғынына ірі қара малын тегін бердім. 

Қазір сол азаматтар алғысын жаудырып, Зеңгі баба тұқымынан төл алып отырғанын жеткізуде. Келісімге сәйкес, биыл күзде үш отбасы да берген 60 бас сиырды қайтаруы керек.

Бүгінде өз-өздерін шөппен, жеммен қамтып, мал басын көбейтуге барын салуда. Ал менің мақсатым — малы жоқ азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың табысын арттыруға кішкене болса да үлес қосу.

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы