Биылғы тасқын кезінде Ақтөбе облысы Нұра ауылындағы жеке кәсіпкерлер көп зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктемгі тасқын кезінде аталған елді мекенде судан зардап шеккен кәсіпкерлердің бірі - Бақтылы Байбақтина. Тасқын кезінде оның баспанасын да, табыс тауып отырған дүкенін де су басқан. Қазір кәсіпкер Ақтөбе қаласында балаларының қолында тұрып жатыр.
Су тасқыны кезінде саманнан салынған дүкеніміз толығымен суға кетті. Қазір дүкеннің шатыры ғана қалған. Жуырда ауылға барғанымда, дүкенімнің шатыры судың ағысымен мектептің қасына келгенін көрдім. Бұрын ауылда 4-5 дүкен қатар салынған еді. Бүгінде бәрін су басып қалған. Көктемде ауылға қарай жол қатынасы нашарлап, дүкенге көп тауар әкелмегенмін. Дегенмен тоңазытқыш, мұздатқыш, теледидар, басқа да жиһаздарымыз түгел суға кетті. Әзірге ауылымызға бағалаушы компаниялар келген жоқ. Шығынымыз есептелген жоқ. Біздің ендігі тілегіміз - суға кеткен үйіміздің орнына баспана берсе, сондай-ақ дүкеннің шығынын өтесе екен, - дейді кәсіпкер Бақтылы Байбақтина.
Ауыл тұрғыны 2000 жылдан бері жеке кәсіппен айналысады. Ауылда жеке қаражатына дүкен салып, сол жерде азық-түлік, тұрмыстық заттар, басқа да тауарлар сатқан. Шағын елді мекенде сауда істеп, нәпақасын тауып отырған кәсіпкер қазір дымсыз қалған. Тіпті, баспанасындағы дүние-мүлкінің барлығы су астында қалыпты.
Отбасында жолдасым екеуміз 4 бала өсіріп, тәрбиеледік. Жолдасым «Қазсушар» мекемесінде кассир жұмыс істейді. Екеуміз де бір-екі жылдан соң зейнеткерлікке шығамыз. Бүгінде балалардың барлығы қалада тұрады. 4 баладан 20 шақты немере сүйіп отырмыз. Қара шаңырағымыз су астында қалды, дүкенімізден түк жоқ. Енді жергілікті биліктен қолдау күтіп отырмыз. Үйіміз де, дүкеніміз де суға кетіп, далада қалған соң, қазір қалада балалардың қолында тұрып жатырмыз. Жалпы, ауылымыздағы ахуал жақсы емес, - дейді нұралық кәсіпкер.
Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есет Молыбаевтың айтуынша, биылғы тасқыннан Нұра ауылдық округіне қарасты Нұра ауылында 10 кәсіпкерлік нысан зардап шеккен. Қазіргі таңда нысандардың құжаттары бойынша қосымша зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.
Су тасқыны салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субьектілеріне өтемақы төлеу жөнінде Ырғыз ауданы әкімдігінің 10 маусымдағы №80 «Шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен деп тану және мүліктік шығындарды алдын ала бағалау жөніндегі комиссия құру туралы» қаулысы шықты. Бүгінде Нұра ауылындағы он нысанның екеуі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ашылған болса, бір нысан - «Балық цехы» ғимараты, тағы бір нысан - «Керемет» мейрамханасы. Сондай-ақ 6 азық-түлік дүкені су астында қалып отыр, - дейді Есет Молыбаев.
Су тасқыны кезінде бұл нысандардың ғимараттарын, сондай-ақ ішіндегі қолданыста тұрған заттары мен жиһаздарын су шайып кеткен. Бүгінде осы кәсіпкерлік субъектілеріне техникалық зерттеу қорытындысы алынған. Алдағы аптаның басында 10 нысанға бағалау қортындысын жасауға техникалық тәуелсіз сарапшылар және облыстық кәсіпкерлік басқармасының өкілдері барады.
Бағалаудың техникалық оң қорытындысы алынғаннан кейін ауыл кәсіпкерлері Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының өңірлік комиссиясына өтемақы алуға құжаттарын тапсырады, - дейді бөлім басшысы Есет Молыбаев.
Биыл Ақтөбе облысында су тасқыны болған аудандардың бірі - Ойыл ауданы. Бұл ауданда екі ауылды су басты. Қазір екі елді мекенде жаңадан тұрғын үйлер салынып жатыр.
Ойыл ауданы Қаратал ауылының тұрғыны Назгүл Ешпанова 2008 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ол мемлекеттен несие алып, ауылдың орталығынан дүкен және наубайхана ашқан. Алдымен наубайхана ашу үшін 2012 жылы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы арқылы 1 млн теңге несие алған. Кейін кәсібін кеңейту үшін тағы 4,5 млн теңге несие алыпты. Ол алған несиелерін әлі төлеп жатыр. Бүгінде кәсіпкер екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ауылдың ортасынан жер алып, үлкен ғимарат салған болатынбыз. Сол ғимараттың ішінде шайхана, дүкен, наубайхана орналасқан. Көктемгі тасқын кезінде ғимаратымызды су басты. Тасқын кезінде бізді Ойыл ауданының орталығына қоныстандырды. Жуырда су кепкен соң ауылымызға оралдық. Жалпы кәсіпкер ретінде биыл көп шығынға қалдық. Алайда әлі күнге дейін шығынымыз өтелмеді. Су тасқынынан кейін ауданымызға Алматы қаласынан бағалаушы компания өкілдері келіп, кәсіпкерлік нысанын қарап, шығындарды есептеді. Шамамен кеткен шығын көлемін 5 миллион теңге деп белгіледі. Алайда қазір бізге ешқандай көмек беріліп жатқан жоқ. Себебі Ойыл ауданы әкімдігі компания берген қорытынды дұрыс емес екендігін айтып, өздері қайта тексеретінін мәлімдеді. Енді не болатынын білмейміз. Тасқын кезінде су басқан дүкендегі тауарларымды ғимаратты жинаған кезде қоқысқа тастап, жойған болатынмын. Енді олардың барлығы қалай есептеледі, шығын мөлшері қалай белгіленеді, соны түсінбей отырмын. Менімен бірге ауылдағы тағы бір кісінің дүкені суға кеткен еді. Оның да шығыны не болатынын белгісіз, - дейді Назгүл Ешпанова.
Оның айтуынша, тасқын кезінде дүкенмен қатар мұздатқыш, тоңазытқыш, жиһаздары суға кеткен. Баспанасын да су басқан. Қазір кәсіпкер жұбайы екеуі ағаш үй мен дүкен ғимаратында қонып жүр. Үйлері толығымен құлап қалған. Балаларын қалаға жіберген.
Құлаған тұрғын үйлерді жаңадан салу үшін қазір Қаратал ауылында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алайда құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсең. Бізде күзге дейін құрылыс аяқталмай қала ма деген қорқыныш бар. Қазір, міне, жаз болса да күн суытып тұр. Қайда барарымызды білмей, бүрсеңдеп жүрміз. Күзге дейін баспана бермесе, жағдайымыз не болады? - дейді Назгүл Ешпанова.
Ауыл тұрғыны отбасында 4 бала тәрбиелеп отырғанын, олардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін кәсібін жандандыру қажеттігін айтады. Қазір кәсіпкердің дүкені жұмыс істеп тұр. Дегенмен тасқыннан кейін көп дүниесі жарамсыз болып қалған. Әзірге ол өз қаржысына әрлеу жұмыстарын жүргізіп үлгерген.
Айта кету керек, көктемгі су тасқынына дейін Қаратал ауылында 230 үй болған. Тасқын кезінде үйлердің бәрін су басып қалған. Алдағы уақытта бұл елді мекенде жаңадан 131 үй салынады деп жоспарлануда.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, биылғы су тасқыны кезінде жалпы құны 1 481,5 млн. теңге болатын 79 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Оның ішінде 49 нысан Ақтөбе қаласында орналасса, қалғаны - аудандарда.
Қала бойынша 49 нысанның ішінде 16-сы сауда нысандары болса, біреуі - гүл сату дүкені, екеуі - жеке балабақша, екеуі - қойма, 10-ы - демалыс орны, екеуі - жеке медициналық орталық, екеуі - техникалық қызмет көрсету орталығы, біреуі - монша және 13-і - қызмет көрсету орындары. Ал аудандарға келсек, Темір ауданында бір дүкен, бір сауда нысаны, бір жөндеу қызметі орны суға кеткен. Шығындар көлемі - 8 миллион теңге. Сондай-ақ Ойыл ауданында 16 нысан су астында қалды, - дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.
Оның айтуынша, Ойыл ауданында тасқын салдарынан кеткен шығын көлемі - 149,5 млн теңге. Кәсіпкерлік нысандарының қатарында азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтану орны, туристік ферма, қызмет көрсету орындары, өндіріс ошақтары, т.б. бар.
Ал Қобда ауданында 7 нысан бүлінген. Жалпы шығын көлемі - 76,9 млн теңге. Сондай-ақ Мұғалжар ауданында екі монша, бір жанармай құю бекетіне су кірген. Әйтеке би ауданында бір ғана кәсіпкерлік нысаны зардап шеккен.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі барлық кәсіпкерге тиісті көмек көрсетіледі. Ең бастысы, олар кеткен шығындарын дәлелдеуі керек. Бұл ретте кәсіпкерлер толықтай дәлел ұсына ала ма, міне, мәселе осы жерден басталмақ...