Ақтөбелік инспекторлардың жұмысы тұрғындар көңілінен шыға ма?

25 Сәуір 2025, 15:40
327
Бөлісу:
Ақтөбелік инспекторлардың жұмысы тұрғындар көңілінен шыға ма?
Фото: Арман Мухатов - архив

Бүгінде Ақтөбе қаласында – 187, аудандарда 180 учаскелік инспектор бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сондай-ақ облыстың 12 ауданындағы учаскелік инспекторларға 41 көмекші бөлінген. Жалпы өңірде 170 учаскелік полиция пункті бар болса, биыл Мәртөк, Әйтеке би аудандарында жаңа пункттер салу жоспарлануда. 

Инспекторлар тұрғындарға құқықтық тәртіп туралы хабарлап, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Биыл учаскелік инспекторлар "Нөлдік төзімділік" қағидаты бойынша 300 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде заң бұзған тұлғаларға 3 млрд 921 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, - дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Оның айтуынша, биыл облыста ұсақ бұзақылық жасаған – 560, стихиялық жабайы сауда жүргізген – 185, түнгі тыныштықты бұзған 1439 адам жазаланған. Ал тыйым салынған орындарда шылым шеккені үшін – 156, қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін – 2386, қоқыс шашқан – 1457, қоғамдық жерді ластаған 1073 тұрғын жауапқа тартылған. 

Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуда айыппұл салу мәселені шешпейді, ол үшін қоқыс шығарумен айналысатын мекемелерді көбейту қажет. Сондай-ақ жастарды мектептен бастап тазалық сақтауға, қоғамдық орындарда мәдениетті болуға үйрету керек. Бала отбасында көргенін істейді. Бұл орайда ана-аналар жауапкершілікті сезінуі тиіс, - дейді А. Саймағамбетов. 

Қала тұрғыны Гүлбану Асанова өз аумағындағы учаскелік инспекторлардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты. 

Мен ескі қала бөлігінде тұрамын. Кешқұрым көшемізде ішімдік ішкендер, бейберекетсіз шылым шеккен жастар жүреді. Оларды қадағалап жатқан адам жоқ. Тіпті, инспекторымызды танымаймыз, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы