Бұл мәліметті Ақтөбе облысының халқы және кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен онлайн кездесуде Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, биылғы кезеңде Ақтөбе облысында 107 тексеру жүргізілген. Оның барысында жалпы 28,9 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың мақсатты жұмсалуы тексерілді. Бұл ретте мамандар 18 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтарды анықтағанын айта кетейік. Оның ішінде 17,9 млрд теңге тауар жеткізу, қызмет көрсету, жұмыс орындау және бухгалтерлік есеп жүргізу есебінен бюджетке қайтарылды.
Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету. Яғни, бірде-бір теңге тиімсіз жобаларға жұмсалмауы тиіс,- деді комитеттің төрағасы.
Сонымен қатар Е. Мыңжасаров білім беру саласындағы тексерулер туралы айтып, автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарын тексеру мәселесіне де тоқталды. Ол айтқандай, аталған мәселелер міндетті түрде тексеру жоспарларына енгізіледі.
Ведомство басшысы өңірлердегі автомобиль жолдарына қатысты мәселе тікелей Президентінің қатаң бақылауында екенін және комитеттің облыстарда жол құрылысы бойынша бақылау мен тексерулер жүргізетінін атап өтті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы тексерулер бұл салада елеулі кемшіліктер мен бұзушылықтардың бар екенін көрсетті.
Тиісті тексерулер көбінесе тұрғындардан түскен шағымдардың негізінде жүргізілетінін айта кетейік.
Кездесуді соңында қатысушылар мемлекеттік пен қоғам арасындағы тұрақты байланыстың маңызы жоғары екенін атап өтті.