Ақтөбелік әкелер бас қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жайында пікірін ортаға салды

15 Маусым 2022, 19:00
2076
Бөлісу:
Ақтөбелік әкелер бас қосып,  саналы ұрпақ тәрбиелеу жайында пікірін ортаға салды
Фото: автордан

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Ақтөбе облысында республикалық «Қазақстанның әкелері» қоғамдастығының құрамына кірген 5 мыңға тарта әке бар. 

Осы қауымдастықтың ұйымдастыруымен өткен шараға ақтөбелік әкелер бас қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жайында өз пікірлерін ортаға салды.

Ақтөбелік әкелерге дәріс оқыған Алматы қаласынан келген тренер, профессор Рустам Ахметов отбасындағы әкелердің рөлі, қазіргі балалардың тәрбиесіндегі басты құндылықтар, балаларға бағыт беру тетіктері туралы кеңінен әңгімелеп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі, қауымдастық құрылтайшысы, көпбалалы әке Еркін Тобылбаевтың айтуынша, мұндай шаралардың жас әкелерге берері мол. Себебі қазір қоғамда әкелердің беделі төмендеп барады, кейбір жастар отбасында балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлмейді.  

Ақтөбелік әкелер бас қосып,  саналы ұрпақ тәрбиелеу жайында пікірін ортаға салды

Бизнес-тренер ақтөбелік әкелерге қазіргі саналы әкелер ұғымы қандай болуы керек, баланы қалай бағыттап тәрбиелеу қажеттігін үйретіп, шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын табады, — дейді ол.

Шараға қатысқан әкелердің бірі — Ерболат Өтесінов. Ол отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Биыл үлгілі әке, балалары оқитын Ақтөбе қаласындағы №53 орта мектепте ұйымдастырылған мектепішілік «Өнерлі әке» атты байқауға қатысып, жүлделі орынды иеленіпті. Жұмыстан қолы қалт етсе, ағаштан түрлі бұйым жасайтын ол қазір ұлы 

Айболатты ұсталыққа үйретіп жүр.

Балам екеуміз қолөнер бұйымдарын жасаймыз. Бүгінге дейін ағаштан 50-ден астам бұйым жасадық. Олардың ішінде ең ірілері — ағаш үйдің, «Бәйтеректің» макеті, сондай-ақ аспалы көпір мен түрлі мүсіндер де бар. Арғы атамыз ұста болған екен. Сол өнер маған қонған сияқты. Қазір бар білгерімді ұлым мен қызыма үйретіп жүрмін. Ұлымның икемділігі жақсы. Сабақты да жақсы оқиды, — дейді Ерболат Өтесінов.

Айболат Ерболатұлы №53 орта мектептің 7-сыныбында оқиды. Ол әкесінің осындай қолөнер шебері болғанына мақтанады. Жас дарын алдағы уақытта әкесі сияқты ұста, шебер болуды армандайды. 

Айта кету керек, келер жылдары Ақтөбе облысындағы 400-ге жуық мектепте аталған қауымдастықтың бастамасымен әкелер клубы ашылмақ. 

Өзгелердің жаңалығы