Ақтөбеге 3 мың Ресей азаматы келді

27 Қыркүйек 2022, 21:02
1805
Бөлісу:
Ақтөбеге 3 мың Ресей азаматы келді

21-27 қыркүйек аралығында Ақтөбе облысына 3 мыңға жуық ресейлік келген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтөбе облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Эльмира Болтаева айтып берді.

Еліміздегі көші-қон заңнамасына сәйкес, шетелдіктерді, қазіргі кезде ресейліктерді қабылдаушы тараптар, яғни олар уақытша тұратын тұрғын үйлердің немесе қонақүйлердің иелері олар жайлы тиісті органдарға хабарлама жіберуге міндетті. Егер үш жұмыс күні ішінде шетелдіктерді қабылдаушы тұлғалар олар жайлы көші-қон қызметіне хабарламаса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, яғни оларға айыппұл салынады. Бұл тұрғыда қазір облыстағы учаскелік инспекторлар жұмыс жасап жатыр, олар өз аумақтарында үй-үйді аралау кезінде хабарсыз тұрып жатқан шетелдіктерді анықтаса, тұрғын үй немесе қонақ үй иелеріне айыппұл салынады. Атап айтсақ, бірінші рет заң бұзған қабылдаушы тарапқа 10-нан 25 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынса, екінші рет айыппұл мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейеді, — деді Эльмира Болтаева.

Ақтөбеге 3 мың Ресей азаматы келді

Оның айтуынша, бір апта ішінде Ақтөбеге Ресейден келген 3 мыңға жуық адамның 2137-сі қонақ үйлерге, ал 814-сі жеке үйлерге тіркелген. Сондай-ақ 21-27 қыркүйек аралығында 14 ресейлік азамат осы өңірде тұрақты тұруға рұқсат алу үшін өтініш білдірген. Қазір олар құжаттарын жинап жатыр. 

Жалпы заңға сәйкес елімізге келіп жатқан ресейлік азаматтар Қазақстан аумағында 90 күн ғана бола алады. Әрі қарай олардың осы елде тұрақтап қалуына немесе басқа да себептермен уақытша тұруына болады. Дегенмен мұны бәрі заңға сәйкес реттеледі. Әзірге көрші елден келіп жатқан азаматтарға біз барынша қолдау көрсетіп жатырмыз, — деді басқарма бастығы.

Брифинг соңында ішкі істер органдарының мамандары ресейліктерді қабылдап жатқан облыс тұрғындарына олар туралы көші-қон қызметіне хабарлауға міндетті екенін жеткізді.

Кез келген ел азаматы немесе шетелдік Қазақстан Республикасының Ішкі істер министірлігі көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға тиіс. 

Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы «Халық кеңсесі» ғимаратында орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақтөбе облыстық филиалында Ресейден келген азаматтарға қазақстандық ЖСН беріліп жатыр. Күн санап ЖСН алу үшін кезекте тұрған ресейліктердің саны артып жатыр. Әзірге жауапты органдар олардың нақты санын айтқан жоқ.

Ал облыс орталығындағы қонақ үйлер мен хостелдерде қазір орын тапшылығы байқалады. Тіпті, өңірде пәтер бағасы 30 пайызға қымбаттаған. 

Өзгелердің жаңалығы