Ақтөбедегі жол апаты: Кім кінәлі?

6 Наурыз 2023, 19:55
1191
Бөлісу:
Ақтөбедегі жол апаты: Кім кінәлі?
Фото: Ақтөбе облыстық полиция департаменті.

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында болған жол-көлік оқиғасынан екі қыз көз жұмған болатын. Қазір 2007-2008 жылғы екі ер бала облыс орталығында ауруханада жатыр.  Жағдайлары орташа, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін оқиғаның мән-жайын облыс әкімдігінде өткен брифингте Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов айтып берді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Ақтөбе облысында жалпы саны 58 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 8 адам қаза тапқан. Ал 58 жол апатының 10-ы кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған. 

Биыл жыл басынан бері өңірде кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен 14 жол-көлік оқиғасы болса, соның салдарынан 6 бала көз жұмып, 16 бала түрлі дене жарақатын алған. Бұған дейін, нақтырақ айтсақ, ақпан айында облыстағы «Самара-Шымкент» тасжолы бойында жол апатынан бір үйдің үш баласы көз жұмған болатын. Өткен аптада әлгі балалардың әкесі де жан тәсілім етті. Ал 4 наурызда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жасөспірімдердің қатысуымен үлкен жол апаты болды. Алдын ала мәліметке сүйенсек, көлік құралын 16 жастағы жасөспірім жүргізген. Көлік жолдан шығып кетіп, салдарынан оқиға орнында 2008 жылғы бір қыз бала көз жұмды. Ал кеше, 5 наурызда, жол апатына ұшыраған 2007 жылғы тағы бір қыз қайтыс болды. Оны дәрігерлер құтқара алмады, — деді ол.  

Басқарма бастығының айтуынша, рөлді басқарған жасөспірім көлікті ата-анасына айтпай үйінен айдап кеткен. Белгілі болғандай, рөлде болған жасөспірім ішімдік ішпеген. Қазір аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сонымен қатар қазір аталған оқиғаға қатысты сот-сараптамалық талдаулар тағайындалған. Көлікте болған 5 жасөспірім — 9-сынып оқушылары.

Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан екі қыз бала көз жұмса, қазір жол апатына түскен үш ер бала дәрігерлердің бақылауында. Бүгінде 2007-2008 жылғы екі бала облыстық баланы қорғау орталығында ем алып жатыр. Жағдайлары орташа, травматологиялық бөлімге ауыстырылды. Бастарына зақым келген, қазір мамандар барлық көмекті көрсетіп жатыр. Ал үшінші ер бала Шалқар аудандық ауруханасынан амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілді. Оның қол-аяғы ғана жарақаттанған. Жалпы бұл жол апаты басқарма басшысының қадағалауында, — деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Түлкібаева.

Жасөспірімдердің қайда бара жатқаны, көлікті үйден қалай алып шыққаны, қандай жылдамдықпен жүргені белгісіз. Мұны қазір құқық қорғау органдарының мамандары жан-жақты тексеруде. 

Соңғы кезде облыста жасөспірімдердің жол апатына ұшырауы жиілеп барады. Оған басты себеп жылдамдықты асыру және жолда жаяу жүргіншілерді өткізбеу деректері болып отыр. Мамандардың айтуынша, көлік басқарған бозбалалар рөлге ата-анасының рұқсатынсыз отырады екен. Сонда бұған кім кінәлі? Ата-ана ма, бала ма? 
 

Өзгелердің жаңалығы