Ақтөбеде жылына 1,3 млн тонна цемент өндіретін зауыт салынады

26 Қыркүйек 2024, 09:23
360
Бөлісу:
Ақтөбеде жылына 1,3 млн тонна цемент өндіретін зауыт салынады
Фото: @aqtobe_oblysy_akimdigi

Асхат Шахаров Ақтөбе облысында цемент зауытын салуға ынталы инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зауыт жылына 1,3 млн тонна цемент өндіреді деген жоспар бар. 

Жобаны қазақстандық компания «Primus Capital» ЖШС Қытай Халық Республикасының инвестициялық серіктесі – Sinoma Cement International қатысуымен іске асыруда.

Облыс әкімі Асхат Шахаров цемент зауытының құрылыс жобасының жетекшісі Хан Жаньи және «Primus Capital» ЖШС Бас директоры Сапарбек Тұяқбаевпен кездесіп, құрылыс жұмыстары мен өндірістің әлеуетін талқылады. 

Бұл зауыт жергілікті нарықты сапалы цементпен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және Ақтөбе өңірінің құрылыс саласын дамытуға елеулі үлес қосады. Зауытты іске қосу кезінде 360 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жобаны іске асыру қосымша инвестициялар тартады және облысымыздың экономикалық өсуіне ықпал етеді деп күтілуде, - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Қазіргі уақытта тек Ақтау қаласында қуаттылығы жылына 800 мың тоннаны құрайтын, Германияның Heidelberg компаниясына тиесілі бір ғана цемент зауыты жұмыс істейді. Аталған зауыт тек Маңғыстау облысының қажеттілігін өтеп отыр. Ал еліміздің өзге батыс өңірлері тауарды Ресей мен Ираннан импорттайды. Сондай-ақ, Қазақстанның басқа аймақтарынан жеткізіледі.

Ақтөбеде жылына 1,3 млн тонна цемент өндіретін зауыт салынады

Ақтөбе облысында зауыт салу батыс өңірлердің цемент импортына тәуелділігін жойып қана қоймай, Орынбор, Самара облыстары және Башқұртстан Республикасы сияқты Ресей Федерациясының шекара маңы нарығына шығуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, 2023 жылы Қазақстанда портландцемент өндірісі 12,15 млн тоннаны құрады, бұл шамамен 2022 жылғы деңгейге (12,1 млн тонна) сәйкес келеді. Сонымен қатар, цемент импорты 2022 жылғы 859,8 мың тоннадан 2023 жылы 725,4 мың тоннаға дейін қысқарды. Қазақстандық цемент экспорты 1,05-тен 1,17 млн тоннаға дейін ұлғайды, бұл сыртқы нарықтағы сұраныстың өсуін айғақтайды. Жалпы, Қазақстанның цемент саласы экспорттық позицияларды нығайтуға және импортқа тәуелділікті біртіндеп төмендетуге баса назар аудара отырып, тұрақтылықты көрсетуде.

Ақтөбеде жылына 1,3 млн тонна цемент өндіретін зауыт салынады

Цемент зауыты Байғанин ауданының аумағында салынуы мүмкін. Инвестиция көлемі 95,7 млрд теңгені (200 млн АҚШ доллары) құрайды. Сонымен қатар, 70%-ы қытайлық серіктестің қатысуымен. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. ҚМЖ басталуы 2025 жылғы сәуірге, ал зауытты пайдалануға беру 2026 жылғы шілдеге жоспарланған. 

Инвесторлармен кездесу барысында тараптар жобаның негізгі аспектілерін, оның қаржылық параметрлерін, іске асыру мерзімдерін және өңір экономикасына әлеуетті әсерін қарастырды.

Облыс әкімі бұл кәсіпорынның жергілікті құрылыс саласы үшін маңыздылығын атап өтіп, жобаны табысты іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Инвесторлар өз кезегінде алдағы жоспарлары және күтілетін нәтижелермен бөлісті. Зауыт жылына 1,3 миллион тонна цемент өндірмек, бұл аймақтағы сапалы құрылыс материалының қолжетімділігін айтарлықтай арттыратынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы