Ақтөбеде жылқы ұрлағаны үшін сотталып, артынша «ақталған» қарияға қатысты тың дерек шықты

Қарияға қатысты сот үкімі туралы жаңа деректер белгілі болды.

5 Тамыз 2026, 12:14
АВТОР
 ашық дереккөз 5 Тамыз 2026, 12:14
5 Тамыз 2026, 12:14
161
Фото: ашық дереккөз

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтөбе облысының 60 жастағы тұрғыны Рахат Сәрсенбайдың ісі қызу талқыланды. Желі қолданушылары оның жылқы ұрлады деген айыппен 7 жылға сотталып, кейін апелляциялық сотта толық ақталғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Алайда Ақтөбе облыстық соты бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, істің нақты мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарияның оқиғасы желіде қызу талқыланды. Ал күні кеше Рахат Сәрсенбайға пәтердің кілті табысталды. Оны белгілі кәсіпкер сыйлады. Артынша елге белгілі тамада қарияға 10 жылқы атайтынын мәлімдеді. 

Айыптың мәні

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Рахат Сәрсенбай шаруа қожалығында жылқышы болып жұмыс істеген және қожалықтағы жылқылар оған сеніп тапсырылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2023-2024 жылдар аралығында қожалық иесінің келісімінсіз сеніп тапсырылған 39 бас жылқыны (14 бие мен 25 құнажынды) иемденіп, сатып жіберген. Осылайша оған аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемденді және ысырап етті деген айып тағылған.

Бұл әрекеттің салдарынан жәбірленушіге 30 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгені көрсетілген.

Бірінші сатыдағы соттың үкімі

Мұғалжар аудандық соты Рахат Сәрсенбайды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе ысырап ету») бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Аталған үкімге сотталған азаматтың қорғаушысы апелляциялық шағым түсіріп, сот үкімін өзгертуді сұраған.

Апелляциялық сот қандай шешім қабылдады?

Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, бөтен мүлікті ұрлау немесе иемдену фактісін дәлелдеу үшін сеніп тапсырылған мүліктің кінәлі адамның немесе үшінші тұлғалардың пайдасына заңсыз айналдырылғаны толық дәлелденуі тиіс екенін атап өтті.

Апелляциялық соттың қорытындысына сәйкес, бір жылқының ұрланғаны дәлелденген, ал қалған 39 басқа қатысты айып жеткілікті дәлелін таппаған.

Осыған байланысты сотталған азаматтың әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағынан осы баптың 1-бөлігіне қайта сараланды. Нәтижесінде оған тағайындалған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Амнистия қолданылды

Апелляциялық сот «Амнистия туралы» заңды қолдану нәтижесінде жазаны тағы да қысқартып, оны 3 ай бас бостандығын шектеу түрінде белгіледі.

Соттың мәліметінше, азаматтың тергеу кезінде қамауда отырған уақыты заң талаптарына сәйкес жаза мерзіміне есептелген. Осыған байланысты оның жазасы толық өтелді деп танылып, ол сот залынан бірден босатылды.

Өндірілетін шығын көлемі де өзгерді

Апелляциялық сот азаматтық талапты да қайта қарады. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот жәбірленушінің пайдасына 30 миллион теңге материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарған болатын.

Алайда апелляциялық сот тек бір жылқының ұрланғаны дәлелденгенін ескеріп, өндірілетін материалдық шығын көлемін 30 миллион теңгеден 600 мың теңгеге дейін қысқартты. Бұл – ұрланғаны дәлелденген бір жылқының құны. Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, апелляциялық соттың қаулысы заңды күшіне енген.

Осылайша, әлеуметтік желілерде тараған «ақтөбелік қария толық ақталды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сот оның кінәсі бір ғана жылқыға қатысты дәлелденгенін, сол себепті іс қайта сараланып, жаза мен өндірілетін шығын көлемі айтарлықтай қысқартылғанын түсіндірді.

Наверх