Ақтөбеде жеміс-жидек бағасы түспей тұр

26 Маусым 2023, 19:46
1297
Бөлісу:
Ақтөбеде жеміс-жидек бағасы түспей тұр
Фото: автордан

Әне-міне дегенше, шілде айы да жақындап қалды. Соған қарамастан Ақтөбе облысында әлі де жеміс-жидек пен көкөністің бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Біз Ақтөбе қаласындағы Орталық базар мен бірқатар сауда желілеріндегі бағаларды бағамдаған едік. Әлқисса...

Шілде айы — жеміс-жидек пен көкөністің пісетін шағы. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде бұл кезеңде көкөністің де, жеміс-жидектің де бағасы арзандайды. Ал соңғы жылдары ақтөбеліктер арзан жеміс-жидекке қол жеткізе алмай отыр. Олай дейтініміз, жыл өткен сайын өңірімізде өнімдердің бағасы қымбаттап барады. Балалары көп отбасылар жазғы демалыста қыдырып, дастарқан үстін қызылды-жасылды көкке толтырғысы келеді. Алайда әлі күнге дейін өңірде жеміс-жидек бағасы арзандар емес.

Ақтөбеде жеміс-жидек бағасы түспей тұр

Қазіргі шақ жеміс-жидектің науқаны болғандықтан, біз қаламыздағы Орталық базарға барып, мұндағы көкөністер мен жеміс-жидектің бағасын білген едік. Қазір мұнда алманың бір келісі — 550-600, өрік — 550-600, алмұрт — 850-900, жүзім — 1000-1300, шабдалы— 850-950, шие —2300-2500, алхоры — 750-800, қауын — 400-500, қарбыз — 180-250 теңге тұрады. Ал қызанақ пен қиярдың бағасы сәуірден бері 500-600 теңгеден түспей тұр.

Орталық базардың сатушысы Ханшайым Мұратқызының айтуынша, биыл да баға арзандамай тұр, себебі, біріншіден, сырттан өнімдердің өзі қымбат болып келеді, екіншіден, өңірге келіп жатқан жеміс-жидек түрлерінің қоры көп емес.

Біз көкөністі де, жеміс-жидекті де қала сыртындағы 41-разъездегі көтерме базардан әкелеміз. Көп болса, сатып отырған тауарымызға 50-100 теңге қосамыз. Жалпы жылдан-жылға оңтүстік өңірлерден келетін тауарлардың бағасы қымбаттап барады. Бұрын отандық өнім ғой деп көп алатынбыз, қазір тек азын-аулақ әкеліп, сатамыз. Таңертең әкелген өнімдеріміз кейде кешке дейін толық сатылмайтын кездер де болады. Күн ыстық болған соң жұмыс соңында барынша тиімді бағаға беріп кетеміз. Әйтпесе кейбір жеміс-жидектер екі күн «тұруға» шыдамайды, — дейді ол.

Ханшайымның айтуынша, биыл облыста қарбыз бен қауынның бағасы тіпті шарықтап кетіпті. Бұрын осындай кезеңде 150-160 теңге болатын бұл өнімдердің бағасы биыл 500 теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Өнім қымбат болған соң халықтың да сатып алғысы жоқ. Әрі қарбыздың пісетін шағы тамыз айы болғандықтан, көпшілік базарға келіп, қарбыз-қауын сатып алмайды. Ал ақтөбелік шаруалардың өнімдері тек қыркүйек айында ғана піседі.

Базарда бағаның шарықтап тұрғанына наразылық танытқан тұрғындарды сөзге тартып едік, көбі жеке пікірін білдіруге құлық танытпады. Базардың қақ ортасында қияр-қызанақ сатып алып жатқан бір апай көкөністің бағасы мен сапасы сәйкес келмейтінін айтып, шағымданды.

Шілде айы болды, бізде қызанақтың бір келісі әлі 550-600 теңге тұрады. Ташкенттен әкелінгенін айтады сатушылар. Бірақ мен соған аса сенбеймін. Біздің облыста жылыжайлар көп. Мүмкін солардан келген шығар. Бағасы ұшып тұр. Бұрын осындай уақытта 250-300 теңге болатын. Басқасын алмағанда, адамдар қияр мен қызанақ алады ғой, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұргүл Исламова.

Сұрап білгеніміздей, әлгі апай бұрын жылыжайда жұмыс жасапты. Оның айтуынша, өңірде өсетін жергілікті өнімдердің дені өзге елдер мен облыстарға сатылады екен. Өкінішке қарай, қазір өз өнімімізді өзіміз тұтынуға жағдай жасалмай отыр. Кәсіпкерлер үшін базарда өнімдерін сату тиімсіз екен. Ал басқа елдерге экспортпен жіберу өте тиімді, әлі қаржы да қалтасына мол түседі.

Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Жамбыл Шәріпұлының айтуынша, сауда орындарындағы жеміс-жидектің бағасы мен сапасын бақылау бөлімнің құзыретіне кірмейді. Себебі жеміс-жидек түрлері үкіметтің қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобына жатпайды. Екіншіден, олар жаз айларында ғана науқандық түрде сатылады.

Статистика департаментінің жүргізген мониторингі бойынша өңірімізде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің ішінде көбінің бағасы республикалық деңгейден төмен. Қазір қала аумағында жұмыс топтары бағаны реттеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Егер бағаны негізсіз өсіргендер болса, тұрғындар олардың үстінен бөлімге арыз-шағым түсіруіне болады, — дейді ол.

Біз Ақтөбе қаласындағы «Дина», «Анвар» сауда желілерін де аралап шықтық. Мұндағы бағалар Орталық базармен бірдей, алайда сапасы көңіл көншітпейді. Тек бір қуаныштысы, тұрғындар сауда желілерінде асықпай жүріп, көкөніс пен жеміс-жидектерді өздері таңдап алуына болады.

Сауда желілері өкілдерінің айтуынша, супермаркеттерге де өнімдер өзге облыстар мен шет елдерден келеді. Жергілікті өнімдердің көбі әлі піспеген, олар сауда орнына тамыз айының ортасында түседі.

Біз Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарына хабарласып, жеміс-жидектер мен көкөністердің сапасын бақылауға қатысты қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын білдік.

Биыл Ақтөбе облысы бойынша «Қауіпсіз өнімді таңда» тақырыбында 4 рет акция өткізілді. Акция барысында нитраттардың қалдық құрамын анықтау үшін көкөністер мен жемістерден 43 сынама салынып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде екі сынама алмадан, екеуі — бананнан, біреуі — апельсиннен, екеуі — қызанақтан, бесеуі — қиярдан, оны — картоптан, үшеуі — қызылшадан, жетеуі — сәбізден, екеуі — болгар бұрышынан, сондай-ақ 9 сынама пияздан алынды. Нәтижесінде оң сынамалар анықталған жоқ, — дейді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Досжанов.

Өзгелердің жаңалығы