Ақтөбеде жастар форумы өтті

5 Қазан 2022, 20:24
1195
Бөлісу:
Ақтөбеде жастар форумы өтті
PHOTO
Фото: автордан

Бүгін Ақтөбе облысында «Ақтөбе — мүмкіндіктер мекені» атты жастар форумы өтті. Оған еліміздің әр түкпірінен танымал жастар қатысып, өз жобаларымен бөлісті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Форумға арнайы келіп қатысқан жастардың бірі — «Asar Ume» қайырымдылық қорының  басшысы Асхат Нұрмашев. Жас жігіт бұған дейін де облысқа келіп, «Асар жолы» республикалық марафоны аясында бірнеше отбасының баспаналы болуына қолдау көрсеткен болатын. Бұл жолы ол қордың қайырымдылық бағытындағы жобаларын таныстырып, өзінің қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті.

Ақтөбеде жастар форумы өтті

Біздің қор биыл үлкен жоба ұйымдастырып, соның аясында еліміздің барлық дерлік облысын аралап шықты. Нәтижесінде ондаған отбасы үйлі болып, жүздеген адам өз ісін ашуға мүмкіндік алды. Қайырымдылық — бұл қадірлі іс. Ал асар — қазақ халқының баяғы заманнан келе жатқан салт-дәстүрі. Қашан да пейілі кең қазақ қиналған жандарға қол ұшын созып, қолындағы барын бөліп берген. Міне, сол үрдісті, салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында биыл біз республика деңгейінде керемет марафон өткіздік. Осы марафон аясында үш ақтөбеліктің әрқайсысына 8 миллион теңгенің сертификатын табыстадық. Бұл үшін барша қайырымды жандарға алғысымызды айтамыз, — деген қор басшысы форумға келген жастарды осындай игілікті істерге атсалысуға шақырды.

Ал «Next Gen Aktobe» ІТ қауымдастығының негізін қалаушы Ислам Изенғазиев ауыл жастарына бағдарламалау мектебін құрып, жастарды ІТ саласын дамытуға жұмылдырып, сондай-ақ оларды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Ақтөбеде жастар форумы өтті

Мен Астана қаласында тұрсам да, Ақтөбеде «Next Gen Aktobe» ІТ-Community қауымдастығын құрған болатынмын. Басты мақсатымыз — әділдікке және ІТ-кәсіпкерлік саласын дамыту мен қалыптастыруға күш салу. Қазіргі уақытта спорт саласы жағынан Ақтөбе облысы әлемге танымал болса, алдағы уақытта еліміздің батыс өңірі бойынша ІТ саласында көшбасшы облыс еткізіміз келеді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл бағыттағы біздің жобаларымызды қолдады. Алдағы уақытта технопарк бойынша жұмыс жасайтын боламыз, — дейді ол.

«Ақтөбе волонтерлар лигасы» волонтерлық қозғалысының үйлестірушісі Нарқозы Қартжанның айтуынша, бұл форумның басты мақсаты — бұған дейін облыс әкімімен болған бейресми кездесуде көтерілген мәселелерді талқылау, оларды бірлесе шешу.

Ақтөбеде жастар форумы өтті

Қазіргі таңда облыста жастарды баспанамен қамту, өңірде ІТ саласын дамыту, жастар үйін салу, тағы басқа үлкен жобалар қолға алынып жатыр. Облыс басшысымен болған кездесуде жастар осы мәселелерді көтерген болатын. Мәселен, бүгінде еліміздің өзге өңірлерінде «Отбасы банкімен» бірлескен «Алматы жастары», «Астана жастары», «Әулиеата жастары» сияқты жастарды баспанамен қамтуға арналған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұндай жоба алдағы уақытта Ақтөбеде де жүзеге асуы тиіс. Себебі облыста баспанасыз жүрген жастар аз емес. Бұл жобаны о баста «Аманат» партиясы жанындағы өңірлік жастарды қолдау кеңесі қолға алған болатын. Міне, осы жобаны әрі қарай жүзеге асыру өте өзекті, — дейді Нарқозы Қартжан.

Форум аясында белгілі болғандай, келер жылдары Ақтөбеде жастарға арналған креативті орталық, цифрлық технопарк ашылып, белсенді жастардың басын қосатын үлкен жобалар жүзеге асырылмақ. Әзірге бұл жобаларға қаржы бөлінген жоқ. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға келер жылы бюджеттен қаражат қарастырылмақ. 

Өзгелердің жаңалығы