Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде заңсыз қоқыс алаңдары ғарыштан бақыланады

11 Шілде 2025, 18:01
637
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе облысындағы жауапты органдар рұқсат етілмеген 38 қоқыс полигонын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұндай заңбұзушылықтар ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталып отыр. Жалпы, облыс бойынша ғарыштық зондтау биылғы жылдың қыркүйек айына дейін жүргізіледі. Бұл бағытта қазір Ақтөбе облыстық экология департаменті мен қаланың табиғатты қорғау полициясы бірлесіп, тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр.

Аталған деректер бойынша департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдарға дала қоқыстарын жою бойынша шаралар қабылдау туралы хаттар жолдадық. Жалпы, биыл жыл басынан бері экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі облыста барлығы 17 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 120 заң бұзушылық дерегі анықталды. Аталған деректер бойынша жауапты тұлғаларға жалпы мөлшері 38 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 53 дерек бойынша айыппұл өндірілді. Бірқатарына қайта шағым түсірілді, ал 5 айыппұл төлеушінің орындалу мерзімі әлі аяқталған жоқ, - дейді Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.

Қазір Ақтөбе қаласының сыртына шықсаңыз, қоқыс қалдықтарының үйіндісін көресіз. Әсіресе, Промзона аумағы мен Ақжар-2 ауылының маңында мұндай алаңдар жетерлік. Ақжар-2 ауылының тұрғыны Айболат Жаңабайдың айтуынша, күз-көктемде жел тұрса, пакет, қағаздар жол бойында “ұшып” жүреді.

Соңғы жылдары қаланың жан-жағы қоқысқа толып кетті. Оны қадағалап, бақылауға алып жатқан ешкім жоқ. Кейде қоқыс үйінділерінің жанып жатқанын көреміз. Жалпы, ауыл маңында қоқыс қалдықтары көп. Негізі қоқыс арнайы полигонға апарылуы керек. Алайда тұрғындар табиғатқа жанашырлық танытпай отыр, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы