Облыс әкімі Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған «Сарқыт» күніне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдегі Жастар ресурстық орталығы, жастар ұйымдары мен волонтерлардың ұйымдастыруымен өткен «Сарқыт» күніне қатысты.
Алаңда ақтөбеліктер қол күрестіріп, гір көтерді, арқан тартысты. Үздік деп танылғандар сыйлық алып, Алғыс хаттармен марапатталды.
Қолөнер бұйымдары көрмесіне қойылған қыз-келіншектерге арналған түрлі әшекейлер, ат әбзелдері, сүйек пен ағаштан жасалған бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, шарада аға буын өкілдері жастарға қойды жіліктеп қонаққа қалай тарту керектігін көрсетті. Ералы Тоғжанов бұл бастаманы қолдап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін алға тартты.
Алаңда тігілген киіз үйде қала қонақтары мен тұрғындары бауырсақ, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, Наурыз көже ішті. Ақсақалдардың ақ батасына кенелді.
Жалпы бұл күнді «Сарқыт» деп атауда үлкен мән бар. Бұл – қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан дәстүрдің бірі. Үлкендер мейрамнан ырымдап, қазы-қарта, құрт-ірімшік алып, оны туған-туыстарына апарып береді, ауыз тигізеді.