Ақтөбеде сүт пен жұмыртқаның бағасы қымбаттады

18 Қараша 2022, 19:42
2166
Бөлісу:
Ақтөбеде сүт пен жұмыртқаның бағасы қымбаттады

Соңғы аптада Ақтөбе облысында сүт пен жұмыртқаның бағасы едәуір қымбаттады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазір Ақтөбе қаласындағы бірқатар сауда желілерінен жұмыртқа іздесеңіз таппайсыз. Ал сүттің бағасы бұрынғыдан едәуір өскен. Тұрғындар күнделікті көп тұтынатын бұл өнімдердің қымбаттап жатқанына наразы. Қала тұрғындарының айтуынша, басқа облыс, көрші елдерден келетін тауарлар былай тұрсын, Ақтөбенің өзінде өндірілетін жергілікті сүт өнімдерінің бағасы да едәуір артқан. 

Сүт, жұмыртқа, шай, күнбағыс майы сияқты өнімдерді халық көп тұтынады. Соған қарамастан, міне, соңғы 2-3 айда осы тауарлардың бағалары шарықтап кетті. Бұрын 3,2 пайыздық бір литр сүтті 320-350 теңгеге сатып алсақ, қазір 530-550 теңгеден аламыз. Бір сүттің өзі 200 теңгеге дейін қымбаттады. Ал жұмыртқа бағасы қазір «Анвар»сауда  желілерінде 540-560 теңгеден сатылып жатыр. Қымбатшылық халықты шаршатып тұр, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Аида Мыңжасарова.

Отбасында үш бала өсіріп отырған ана қазір жалақысы тамақтан ауыспайтынын айтады. Ал жолдасының тапқан нәпақысын несиеге төлейді. Үйдің үлкені екі-үш жылдан кейін мектеп бітіреді. Балаларының болашағын ойлайтын ана өңірде жалақының аз екенін айтады.         

Ал Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазан-қараша айларында өңірде сүт бағасы 2,7 пайызға, тауық жұмыртқасы 6,2 пайызға артқан.

 Бүгінде өңірдегі әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың ішінде 18-інің бағасы республикалық бағадан төмен. Тек сәбіздің бағасы өсіп отыр. Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 19 тауардың ішінде 17-сінің бағасы артқан. Атап айтсақ, бидай ұны 63,9 пайызға, қант – 60,9 пайызға, күріш – 45,2 пайызға, картоп – 39,0 пайызға, сәбіз — 38,2 пайызға, рожки — 32,0 пайызға, тұз — 30,2 пайызға, тауық еті – 28,7 пайызға, пияз — 20,0 пайызға , өсімдік майы — 18,9 пайызға, қарақұмық жармасы – 17,9 пайызға, сары май – 17,4 пайызға, сүзбе – 14,4 пайызға, сиыр еті – 9,3 пайызға, сүт – 9 пайызға, нан — 8,2 пайызға, айран – 5,8 пайызға, жұмыртқа - 4,6 пайызға қымбаттаған. Ал қырыққабаттың бағасы  42,5 пайызға төмендеген, — дейді Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев.

Статистика департаментінің мәліметі бойынша өткен айда Ақтөбе облысында инфляция деңгейі 116,5%-ға, оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша көрсеткіш 122,2%-ға жеткен. 

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы мамандарының айтуынша, биыл әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың бағасы өсуінің басты себебі — әлемдегі геосаяси жағдай, сондай-ақ  логистика мен шикізаттың қымбаттауы. Сондай-ақ жыл басынан бері өңірде коммуналдық қызметтердің тарифтері де көтерілген. Атап айтсақ, облыстағы кәсіпкерлер үшін ауызсу — 12,8 пайызға,  газ — 10,2 пайызға, электр энергиясы 2,8 пайызға қымбаттаған.  Бұдан бөлек зат тиейтін вагондарға төленетін тариф құны да едәуір өскен. Мысалы, астық тиейтін вагондар бағасы 53,1%-ға, ұнға арналған вагондар бағасы 92,8%-ға артқан. Ал өңірде сүт өнімдерінің бағасының өсу себебі шикізаттың қымбаттауымен байланысты болып отыр. 

Біз қымбатшылық мәселесін ескере отырып, қала аумағында айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін бюджеттен 3 миллиард теңге қаржы бөлдік. Айналым схемасы шеңберінде бүгінде  460,0 миллион теңгеге тауық жұмыртқасын, 252 миллион теңгеге күнбағыс майын, 800,0 миллион теңгеге сиыр етін, сондай-ақ  190,0 миллион теңге ұн және 60,0 миллион теңгеге макарон (рожки) өнімдерін жеткізу үшін келісімшартқа қол қойылды. Бүгінде облыс бойынша айналым схемасын іске асыру жөніндегі оператор – «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, — дейді А.Көкеев.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің бастамасымен құрылған мониторингтік топ соңғы айларда қала аумағындағы 1959 үй жанындағы дүкенді аралап шығыпты. Нәтижесінде 17 сауда нысанынан бұзушылық анықталған. Кәсіпкерлер осыдан кейін сауда үстемелерін 7-10 пайызға төмендетіпті. 

Кәсіпкерлік бөлімі басшысының айтуынша, мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Өзгелердің жаңалығы