Ақтөбеде субұрқақтар жөнделмей тұр

28 Мамыр 2024, 16:21
327
Бөлісу:
Ақтөбеде субұрқақтар жөнделмей тұр
Фото: автордан

Ақтөбе қаласында өткен жылдан бері субұрқақтар жұмыс жасамай тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр Ақтөбе қаласындағы 22 субұрқақтың бірнешеуі ғана жұмыс істеді. Көбі жөндеу жұмыстарына жабылып, ақыры іске қосылмады. Ал биыл бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Біз жауапты мекеме мамандарынан сұраған едік.

 Биыл қаладағы 8 субұрқаққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, Абай гүлзарындағы, Орталық стадион алдындағы арбаттағы, Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы, теміржол басқармасы алдындағы субұрқақтар қайта іске қосылады. Бұл нысандарды жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Өкінішке қарай, бұл нысандарды жөндеуді мойнына алған мердігер ұйым жұмысын аяқтамады. Өткен жылдан бері тараздық мердігер мекеме — «Шалқар-Бастау» серіктестігі сегіз субұрқаққа күрделі жөндеу жүргізбеуіне байланысты сот процесі жүріп жатыр, — дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы Бақтияр Төрешов.

Қала халқы субұрқақтардың бірнеше жылдан бері жұмыс істемей тұрғанына реніштерін білдіруде.

 Қаламыздың сәніне айналған субұрқақтар мен раушан гүлдер қазір көзімізден бұл-бұл ұшты. Жалпы, қаламыз азып кетті. Көшелер шаң, айнала қоқыс, субұрқақ жоқ, балалар ойнайтын алаңдар аз, — дейді қала тұрғыны Нәзік Аймұратова.

Биыл Ақтөбеде субұрқақтан бөлек, 100 аулаға жөндеу жүргізілуі керек. Жуырда бұл мәселені облыстық мәслихат депутаты Еламан Итеғұлов көтерген болатын.

Ақтөбеде субұрқақтар жөнделмей тұр

Оның айтуынша, биыл қалалық бюджет 50 аулаға жөндеу жүргізуге қаржы бөлген. Қалған 50 ауланың «тағдыры» белгісіз.

Бұл бағыттағы жұмыстар басталған жоқ. Жобалар әзірге шыққан жоқ. Қазір тек жолдар жөнделіп жатыр, — деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Өзгелердің жаңалығы