Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер үшін үй салу басталады

7 Мамыр 2024, 23:52
449
Бөлісу:
Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер үшін үй салу басталады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін үй салу жақын күндері басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта топан су астында қалған 152 үй жарамсыз деп танылды. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің сөзінше, 8 отбасы дайын үйді алуға, 40-тан астам отбасы Ырғыз ауылында салынатын үйге қоныстануға өтініш білдірген. Нұра ауылының тұрғындарының басым бөлігі Сарыоба дейтін жерге көшуге, сонда тұрғын үйдің салынуына қарсы емес. Өңір басшысы Сарыобаның жерін, оның келешегін зерттеу үшін мамандар жіберілетінін алға тартты.

Аймақ басшысы облыста тек Ырғыз ауданында баспана салу мәселесі әлі шешілмегенін, сол себепті жұмыс сапарымен Ырғыз ауданына келгенін эвакуациялық пукнтте уақытша орналасқан тұрғындарға жеткізді.

Өңірімізге Президент тапсырмасы бойынша Үкімет басшысының орынбасары Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев келді. Біраз қаржы мәселесі шешілді десек болады. Еліміздегі Үш компания Ақтөбе облысындағы су тасқыны салдарын жою үшін демеушілік етеді. Бұл ең бірінші кезекте баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Облыстың Ырғыз ауданынан басқа жерде үй мәселесі шешімін тапты. Сондықтан сіздермен кездесіп, осы мәселенің түбегейлі шешіп алайын деп келдім. Қазіргі біздің басты міндет - үй салу, үй алып беру, үйді қалпына келтіру. Мемлекет басшысы тасқынның салдарын жоюға бағытталған жұмыстарды өзі қадағалап отыр. Сондықтан біз мүмкіндікті пайдалана отырып, тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауға тиіспіз, - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Кездесуде ырғыздықтар баспаналардың қандай болатынын, мектептің жайын, мал шығының өтелуін, несие мерзімінің кейінге шегеру жолдарын сұрады. Кәсіпкерлер де бүлінген мүлкіне берілетін төлем мәселесін көтерді.

Қарғын судан Ырғыз ауданы бойынша 152 тұрғын үй, 6 кәсіпкерлік және 8 әлеуметтік нысан зардап шекті.

100 АЕК көлеміндегі әлеуметтік төлем бойынша түскен 138 өтінішке 51 млн теңгеге жуық берілді. Материалдық шығынды бағалау және есептеу комиссиясы 221 өтінішті қарауда. Тұрғын үйлерді жөндеуге және тұрмыстық техникалар құнын өтеуге төленген қаржы 4 млн теңгеге жуықтайды. Сонымен қоса, көктемгі су тасқыны кезінде өлген 444 бас малға тиісті қаржы бөлінуде.

Айтып өту керек, ауданда эвакуациялау алдын ала жүргізілді. 11 сәуірден бастап Нұра ауылдық округінің Нұра, Мамыр, Белшер елді мекендерінің, 16-18 сәуірде Тәуіп ауылдық округі Құйлыс елдімекенінің тұрғындары тікұшақ арқылы қауіпсіз жерге көшірілді.

Төрт ауылдафн көшірілгендердің жалпы саны 1042 адам. Бүгінгі күні 680-і - туыстарының үйінде, 362 адам - эвакуациялық пунктте. Олар қажетті тұрмыстық және гигиеналық заттармен, азық-түлікпен, төрт мезгіл тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, мұндағы тұрғындар мен олардың балаларына арналып, ойын-сауық, танымдық бағыттағы түрлі шаралар өткізіліп отырады.

Өзгелердің жаңалығы