Ақтөбеде салынатын үйлердің жобалары таныстырылды

19 Сәуір 2024, 22:13
372
Бөлісу:
Ақтөбеде салынатын үйлердің жобалары таныстырылды
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров су тасқыны болған Қобда ауданына барды. Өңір басшысы аудан орталығы – Қобда ауылында табиғи апаттан залал келтірілген жаңа тұрғын үйлердің жобаларымен танысып, құрылыс жүргізілетін аумақты қарап шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, қазір Қобда ауылында тұрғын үй салатын 69 жер учаскесі дайын тұр.

Қобда ауылында 121 үй суға кеткен. Бүгінде 16 мердігер мекеме өз қаражаты есебінен жаңа үйлерді салуға ниет білдіріп отыр. Мердігер мекемелердің саны алдағы уақытта көбейеді. Жалпы облыстағы аудандарда 172 үйге құрылыс жұмыстарын бастауға дайынбыз. Оның 69-ы — осы Қобда ауылында. Тұрғын үйлерге келсек, аудан әкімдігі берген хаттамалардың шешімі бойынша типтік жобамен 80 және 100 шаршы метрлік үй салынады. Бұдан бөлек, аудан тұрғындары тұрғын үйді сатып алу бойынша өз ниеттерін білдіріп жатыр, — дейді ол.

Оның айтуынша, мердігер мекемелер көп ұзамай, Ойыл ауданында — 40, Темір ауданында 10 үйдің құрылысын бастайды. Бұдан бөлек, Әйтеке би ауданында 3 мекеме жұмыстарын бастауға дайын отыр. Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылында да жаңа тұрғын үйлер тұрғызылады. Әзірге барлық мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізуге өз қаражаттарын жұмсап жатыр.

Қобда ауылында жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізетін мердігер ұйымдардың бірі — «Самұрық-Құрылыс» компаниясы. Компания директоры Тәңірберген Назымның айтуынша, қазір ауданға құрылыс материалдары жеткізілуде. Ендігі мақсат — белгіленген жер учаскелерінде тездетіп құрылыс жұмыстарын бастау.

Әріптестермен бірге бізге де су тасқыны кезінде қиын жағдайға тап болған аудандарға қол ұшын беруге ниет білдірдік. Аз уақыттың ішінде қажетті құрылыс материалдарын сатып алып, бүгінде Қобда ауданына жеткізіп жатырмыз. Қолымызға сметалық-жобалық құжаттарды алған соң құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Бір айдың ішінде бастапқы жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің компания 20 шақты үй салады, — дейді ол.

Мердігер ұйым өкілдерімен кездескен облыс әкімі Асхат Шахаров оларға құрылыс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуді тапсырды. Өз қаражаты есебінен жаңа үйлер тұрғызуға ниет білдірген компания басшыларына ризашылығын білдіріп, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

Президенттің тапсырмасы бойынша бүгінде меценаттар, мүмкіндігі бар азаматтар қосылып, су тасқыны болған өңірлерге қол ұшын созып жатыр. Біздің облысқа да осындай азаматтар бекітілді. Олар жобаларды қаржыландыруға, құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға атсалысады. Алдағы екі айда барлық құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Біз құрылыс материалдарының уақытында жеткізілуіне, сондай-ақ қолжетімді болуына жағдай жасаймыз. Ал сіздер тұрғын үйлерді сапалы әрі уақытылы тапсыруларыңыз керек. Баспанасы суға кеткен халыққа дер кезінде жағдай жасап, қолдау танытуымыз қажет, — деді Асхат Шахаров.

Өзгелердің жаңалығы